Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Қытайдағы гастрольдік сапарын бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қытайлық Weibo әлеуметтік желісіндегі ақпараттарға сенсек, Димаш Құдайберген алдаға күндері Қытайдың бірқатар қаласында ән кешін өткізеді. Әнші алғашқы концертін 16 желтоқсан күні «Singer — 2017» байқауы өткен Хунань провинциясының Чанша қаласында өткізуді жоспарлап отыр. Ал екінші концерті 2018 жылғы 6 қаңтар күні Фуцзян провинциясының бас қаласы Фучжоуда өтпек.
Айта кетейік, отандасымыздың талантына тәнті қытайлық жанкүйерлер концерт билеттерін қазірдің өзінде интернет арқылы сатып алып жатыр. Билеттердің бағасы 14 мың теңгеден (280 юань) басталып, 84 мың теңгеге (1680 юань) дейін жетеді.
Еске сала кетейік, Димаш ағымдағы жылдың басында Hunan TV «Singer — 2017» ән байқауына қатысып, екінші орын иеленген болатын. Сондай-ақ бәсекедегі отандасымыздың ерекше таланты қытайлық және басқа да елдердің әнсүйер қауымын өзіне қаратты.