Осы жағымды жаңалықты бірінші болып елмен бөліскен Димаштың менеджері Алпамыс Шаримов Фейсбуктегі парақшасына аталған шараның марапаттау сәтінен бір назар аударарлық фотоны жариялады, деп хабарлайды Caravan.kz тілшісі. Онда қазақ әншісі тапсырылған жүлдесін сол қолына елеусіздеу ұстап, ал микрофонын оң қолымен жоғары көтеріп тұр. О баста Димаштың талантын тани білген Алпамыс енді көпшілік аса аңғара бермейтін осы сәтті де жұрттан бұрын байқап қойыпты.
"Кім байқады!? Әдейі емес, бұл — кездейсоқ түсірілген сурет! Басылымдарға да жария болған сурет! Осындай шаралардың жүзін көрдім. Мықтылардың мықтысы саxнаға шығып қуанған сәтте ұтқан жүлдесін (статуэтка) биікке көтеретін еді… Біздің Димаштың оң қолындағы микрофоны одан да биік тұр! Қуанғаннан тым философ болып кеткен шығармын, бәлкім! Бірақ сол қолындағы жүрек тұсындағы марапаты, оң қолындағы биікке көтерілген микрофоны болмаса (мұндай ой) келмес те еді… Алланың құдіреті дер едім бұл суретті! Бұл белгі… Қаншама қуағанымен, ненің қадірі биік екенін ұмытпауымыз керек дегендей сыр шертеді бұл сурет!" деп жазады кешегі қуаныштың әсерінен әлі арыла қоймаған Алпамыс.
Димаштың бұл әрекетіне осы жазбаға пікір жазушылардың бәрі сүйсініп жатыр. Жұрт мұны жақсылыққа балап, жас әншінің әлі де талай биіктерді бағындыруына тілектестік білдіруде.