Бала құқықтары жөніндегі уәкіл он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу үшін жаңа қылмыстық бап енгізілгенін еске салды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Еске салайық, танымал блогер Құлпынай Қалменова желіде күйеуімен ажырасуына кішкентай қыздармен көңіл жарастырып, педофилизмге бой алдырғаны себеп болғанын жазды. Блогер бұрынғы күйеуінің ұялы телефонынан кішкентай қыздармен сөйлескен хаттарын, бірге түскен фотоларын тауып, оны желіге жариялады.
Ол таратқан видеода күйеуінің Whatsapp-та екі кішкентай қызды «Айшам» және «Тырысқағым» деп сақтап қойғанын байқауға болады. Сондай-ақ ол қыздарға түнде «ғашық болып қалдым», «кешірші, жаным» деп жазған.
Ең сорақысы, қыздардың ата-аналары блогердің хаттарынан ешқандай ерсі әрекет көріп отырған жоқ. Тіпті блогердің жұбайын сотқа беруге дайын екендерін айтып отыр. Бұл жағдай қоғамның наразылығын тудырды.
Бұл ретте Динара Зәкиева өзінің Facebook парақшасында блогер Құлпынай Қалменова жариялаған ер адамның кәмелетке толмаған балалармен (10-11 жас) хат алмасуы мен орынсыз әрекеттері туралы ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады.
«Аталған жағдай бойынша мен және заңгер кеше Құлпынай Қалменовамен байланысқа шықтық. Қалалық прокуратурамен бірге процестік шешім қабылдау мәселесі бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Уәкілетті органдармен бірлесе отырып, балалардың құқықтарын қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаймыз», — деп жазды ол.
Сонымен қатар ата-аналарға балаларының қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға кеңес берді.
«Баланың кіммен араласатынын әрдайым бақылап, оған қауіп-қатерлер, соның ішінде әлеуметтік желілердегі қауіптер жайлы айтып отыру өте маңызды. Сондай-ақ 2023 жылдың қыркүйегінде мектептерде енгізілген қауіпсіздік сабақтары аясында қаралатын тақырыптарды талқылау маңызды. Балалардың қауіпсіздігіне қатысты кез келген күмәнді жағдайларды 102 немесе 111 нөмірлеріне хабарлау қажет», — деп толықтырды ол.
Уәкіл өткен жылы он алты жасқа толмаған балаларға сексуалдық сипатта тиісу бойынша 33 қылмыстық іс тіркелгенін де атап өтті.
«Былтыр қабылданған әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі заң аясында он алты жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиісу үшін жаңа қылмыстық бап енгізілді. Аталған бап бойынша маусым айынан бері 33 қылмыстық іс тіркелді, бұл осындай әрекеттер үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге және ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік береді», — деп аяқтады ойын Динара Зәкиева.