«Сақ» киностудиясы мен ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігі бірлесіп, танымдық, діни, тарихи жас-балаларға арналған анимациялық мультфильм шығарып, оның тұсаукесер таныстырылымы өтті. Көрсетілім атауы «Алып Піл» деп аталады.
«Бұл анимациялық мультфильм қасиетті Құран Кәрімнің «Фил» сүресін негізге алды. Онда Абраха деген залым патшаның қасиетті Қағбаны қирату мақсатымен жасаған шабуылы кезіндегі алып Пілдердің әрекеттері бейнеленген. Фильм қазақ тілінде сөйлейді. Фильм үш ай көлемінде жарыққа шығып отыр», — делінген muftiyat.kz сайтында.
Негізгі авторлары «Оңтүстікфильм» КММ директоры-режиссер, ҚР мәдениет қайраткері Батырхан Дәуренбеков пен облыстық имам орынбасары, магистр Мұхамеджан Естеміров болып табылады.
«Алып Піл» анимациялық фильмінің діни һәм шариғи мағынасын ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкілдігінің үгіт-насихат тобының ғылыми кеңесі тексеріп, зерделеді.
Жалпы, шымкенттік «Сақ» киностудиясының жас білікті мамандарының қолдарынан шыққан туындылары — бұрын-соңды болмаған жаңа анимациялық дәстүрде «Алдар-көсе мен шайтандар», «Қанатты барыс туралы аңыз» сияқты үздік үлгілермен танылған.
Алдағы уақытта аталмыш орталықпен бірсесіп 30 бөлімнен тұратын анимациялық мультфильм түсіру жоспарлануда.