“Криптовалюта арқылы ақшаны көбейтпек болдым”: 4 миллион теңгесін алаяққа берген алматылық мұғалім қалай алданған - kaz.caravan.kz
  • $ 517.45
  • 598.59
+35 °C
Алматы
2025 Жыл
18 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Криптовалюта арқылы ақшаны көбейтпек болдым”: 4 миллион теңгесін алаяққа берген алматылық мұғалім қалай алданған

“Криптовалюта арқылы ақшаны көбейтпек болдым”: 4 миллион теңгесін алаяққа берген алматылық мұғалім қалай алданған

Интернет алаяқтық еліміздегі ең өзекті мәселелердің біріне айналып барады.

  • 10 Ақпан
  • 81
Фото - Caravan.kz

Мәселен, өткен жылдың 10 айында 17 мыңнан астам интернет алаяқтық дерегі тіркелген.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Алаяқтардың айласы да жылдан жылға дамып, түрленіп бара жатыр. Өзін банк немесе полиция қызметкері ретінде таныстыратын алаяқтар кейінгі кездері криптовалюта деген тың дүниеге көшкен. Криптовалюта заң жүзінде рұқсат етілген цифплық немесе виртуалды валюта болғандықтан ешкім күмәндана қоймайды. Бірақ, қой терісін жамылған қасқырдай криптовалюта деген атаудың артында да алаяқтар тұруы әбден мүмкін. Оған біздің бүгінгі кейіпкеріміз дәлел.

Жанерке (есімі өзгертілген) — 27 жастағы мұғалім. Қолындағы аз ақшасын криптовалюта арқылы көбейтемін деп 4 миллионға жуық қаражатты кредитке алып, алаяққа қалай аударғанын өзі түсінбей қалған.

«Мен әдеттегідей әлеуметтік желілерді қарап отырғанмын. Бір кезде алдымнан 25 000 теңге салсаң, 100 000 қылып шығарып аласың деген жарнама шықты. Сосын осы қаншалықты шын екен, тексеріп көрейінші па деп кіріп көрдім. Маған телеграмға сілтеме берді. Ол жерге жаңағы өздерінің жарнамасын жіберіп, осы рас па, алаяқ емессіздер ме деп жаздым. Ол маған діни тілде сөйлеп жауап берді. «Әлхамдулиллаһ, сестра, мұсылманбыз. Мені алаяқ демеңіз. Құдай көріп тұр. Астағфируллаһ«, деп жауап берді. Мен оларға сендім. Уәде еткендей ақшаны көбейту үшін картасына ақша аударуды сұрады. Криптавалюта арқылы саған ақша салып соны көбейтіп береміз, содан соң сол көбейген сумманың 10% аламыз деді. Солай мен 25 000 теңгені жусан банк арқылы аудардым. Арада 1 сағат өткеннен кейін ақша шығады деп, мен салған сумманың өсіп жатқанын көрсетіп сурет жіберді. Шамамен ақша 200 000 теңгедей болған кезде сол ақшаны шығару үшін комиссия төлеу керек деп тағы 80 000 теңге алды. Артынша ақшаңыз 200 000 нан 400 000-ға өсіп кетті деп тағы да 80 000 теңге комияссия сұрады. Осы кезде алдап жатқандарын сезіп, кішкене қорқа бастадым. Сұраған барлық комиссиясын аударғаннан кейін қаржылық ұйымнан адамдар бізден бұл ақша қайдан шығып жатыр деп сұрап жатыр, тезірек құжаттар дайындап соған ақша жіберу керек деді. Мен осы кезде нақты алданғанымды түсініп, жауап жазбай қойдым», — дейді ол.

Бірақ, алаяқтардың қулығы мұнымен бітпеген. Олар өздері алдаған адамның әлеуметтік желісіне «адвокаттардың» жарнамасын алдарынан шығарып, ары қарай «қорғаушы кейпінде» алдаған.

«Сосын ертесі күні маған инстаграмнан алаяқтарға алданған ақшаңызды қайтарып береміз деген адвокаттардың жарнамасы шықты. Ақшамды қайтарып аламын деген үмітпен солардың біреуіне жаздым. Ол чатта емес, телефонмен сөйлесейік деді. Сөйлесу барысында ол алдын ала ешқандай ақша сұрамайтынын, тек қайтқан сумманың 10 % алатынын айтты. Мен келістім. Сосын екеуміз уатсап желісі арқылы видеомен сөйлестік. Менің экраным оған көрініп тұратындай етіп қосып қойдық. Оның нұсқаулығымен Binance деген қосымшаны жазып алып, регистрация жасадық. Сосын маған сіздің ақшаңызды таптым алаяқтар айналдырып, 4 миллион қылған. Оны алу үшін 300 000 мың теңге комиссия төлейсіз деді.

Мен оны төлегеннен кейін ақшаңыз өзіңіздің картаңызға түседі, картаның номерін жаз деді. Ақша coinbase деген электронды әмиянда болды. Сосын карта жазып ақшаны каспиге аударатын болды. Бірақ, мен картаның бір номерін қате жазып жіберіппін. Жаңағы адвокат қате картаға кеткен ақшаны қайтару үшін тағы 800 000 керек деді. Мен болды, ақшаны қайтармайтын болдым деп жазып жібердім. Ол 300 000 теңгені мен жіберемін ертең қалған 500 000 ды тауып көрейік дейді. Содан соң танертен 500 000 тауып төледім. Ақшаны қайтадан маған аударым жасайтын кезде ақша 4 миллион емес, 6 миллион болды, осынша көп ақшаға комиссия керек деп тағы 500 000 теңге сұрады. Сосын олар қайтадан аударым жасап жатқан кезде конвертацияға ақша керек деп бір қаржылық ұйымнан хабарлама келеді. Тағы 1 млн теңге сұрайды. Мен бұл ақшаның бәрін кредит алып беріп отырдым. Айта кетейін, адвокатқа да ақшаны тікелей аударған жоқпын, binance арқылы купить деп бір адамның каспийына аудардым», — дейді Жанерке.

Көбейген ақшаны сарыла күткен Жанеркеге алаяқтар 20 000 теңге аударып, қалған ақшаның да көп ұзамай түсетініне сендірген.

«Осымен болды, енді ақша аударылатын шығар дегенде тағы да қаржылық ұйымдар тарапынан ақша қайдан келді деген мәселе туындап жатыр соған құжат жасау керек деп тағы да 500 000 сұрады. Оны төлеп біткен соң ақшаны binance дегеннен каспиға 20 000 теңге аударып берді. Сөйтсем, азғантай ақша аударып бұл өтірік емес деп маған көрсеткені екен ғой. Бірақ артынша 20 000 аударып алғаны үшін штраф деп 2 млн теңге деп бір қаржылық ұйымнан хабарлама келді. Оны төлемесең, соттайды деді. Кейін білгенімдей олар +41, +46 деп басталатын швейцариялық нөмірлерден жазған. Сосын мен штрафқа тек 1 млн теңге салдым. Осы кезде отбасыма барлық мән-жайды айтып, есімді жия бастадым», — дейді ол.

Жанерке алданғанын түсініп, құқық қорғау органдарына барып жазбақ болады. Бірақ ондағы мамандар арыз жазғаннан ешқандай пайда жоқ екенін, оларды бәрібір ешкім таппайтынын айтып, кейбірі тіпті оның әрекетіне күліп шығарып салады.

«Сосын ертесі күні Наурызбай ауданындағы ровд-ға бардым. Криптовалюта арқылы алдаған адамды бәрібір таппайсыз. Арыз жазудың мәні жоқ деп шығарып салды. Солай арыз да жазбадым. Ақшаны қай ауданда отырып аударсаң, сол жаққа бару керек дегенді естіп Алатау ауданының ровдсына бардым. Себебі, ақшаны жұмыста отырып аударғам. Алатауға барсақ, бізге ақыл-кеңестерін айтып, мәселені шешудің орнына жеңіл ақша тапқың келді ме деп күліп, күттіріп қойды. Содан соң ол жақтан да ештеңе жазбай шығып кеттім. Мені алдаған адамның нақты аты-жөні жоқ, маған айтқан есімдері де, әлеуметтік желідегі суреттері де жалған екен. Ақшаны да тікелей оларға емес, өз еркіммен бинанс арқылы аударылғаннан кейін бір нәрсе дәлелдеу қиын болды», — дейді кейіпкеріміз.

Бүгінде интернет атты кеңістікте шекара жоқ. Жоғарыда баяндалған оқиға еліміздегі интернет алаяқтарға қатысты мыңдаған жағдайдың бірі ғана. Әзірге елдің әр азаматын онлайн алаяқтардың құрығынан сақтап, алданған азаматтардың ақшасын қайтаруға құқық қорғау органдарының қауқары жетпей тұр. Сондықтан интернеттегі қауіпсіздік шараларын сақтап, интернет алаяқтықтың жаңа түрлерінен хабардар болу — өте маңызды.