Диплом жұмысын жазғанда ChatGPT қолдануға бола ма? Министрлік түсіндірді - kaz.caravan.kz
  • $ 491.97
  • 583.77
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
17 Ақпан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Диплом жұмысын жазғанда ChatGPT қолдануға бола ма? Министрлік түсіндірді

Диплом жұмысын жазғанда ChatGPT қолдануға бола ма? Министрлік түсіндірді

Қазақстанда диплом және басқа да ғылыми жұмыстарды жазуда нейрожелілер мен жасанды интеллектті қолдануға бола ма? Бұл сұраққа Ғылым және жоғары білім министрлігі өкілдері жауап берді

  • 17 Ақпан
  • 3
Нейрожелі арқылы жасалған сурет

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Неге рұқсат етіледі, неге тыйым салынады?

Қазақстанда ЖИ-ге қатысты мәселелер биыл күшіне енген жеке заңмен реттеледі. Бұл заңда жауапкершілік қағидаттарын бекітілген, ал нейрожелілерді қолданудың нақты ережелерін академиялық адалдықты ескере отырып, университеттердің өзі айқындайды.

Анықтама: Академиялық адалдық — бұл университетте оқудың және ғылыми жұмыстың адал әрі өз бетінше орындалуы: плагиатқа жол бермеу, көшіріп жазбау, қолдан жасау, нәтижелерді бұрмаламауу мен жалған дерек бермеу, сондай-ақ, дереккөздерді міндетті түрде көрсету. Қазақстандық жоғары оқу орындарында академиялық адалдық қағидаттары қызметтің типтік қағидаларында, сондай-ақ, әрбір университет өз бетінше бекітетін академиялық адалдық кодекстерінде бекітілген. Оны бұзғандарға тәртіптік жауапкершілік қолданылуы мүмкін.

«Ғылыми дәрежелер беру қағидаларына диссертациялық зерттеулерде жасанды интеллектті пайдалануына қатысты өзгерістер енгізілді. Жасанды интеллектті тек деректерді жинау және талдау үшін қолдануға рұқсат етіледі, бұл докторанттарға ақпаратпен жылдам жұмыс істеуге көмектеседі. Алайда диссертация өз бетінше орындалған ғылыми жұмыс болып қалуы және ғылыми жаңалық, сенімділік, практикалық маңыздылық пен академиялық адалдық талаптарына сәйкес болуға тиіс», — деді министрлік өкілдері Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында. 

Ведомство өкілдері ЖИ қолданылған жағдайда да барлық ғылыми нәтижені, қорытынды мен ұсынысты автордың өзі тұжырымдайтынын қоса айтты.

ЖИ қалай анықталады?

Министрліктің мәліметінше, Қазақстандағы жоғары оқу орындары кешенді тәсіл қолданады: мәтіннің түпнұсқалығын тексереді, сараптамалық бағалау жүргізеді, ауызша қорғау нәтижелерін ескереді және бастапқы материалдарды талдайды. Ал ЖИ-ді анықтайтын автомат детекторлар тек қосалқы құрал ретінде пайдаланылады.

«Ең бастысы — білім алушының жұмысты өзі орындағанын дәлелдей алуы және оның мазмұнын түсінуі. ЖОО қызметінің типтік қағидаларына сәйкес барлық жазбаша жұмыс (курстық, дипломдық, магистрлік және докторлық диссертациялар) тексеруден өтеді, оның ішінде жасырын парафраз, сондай-ақ, басқа тілдерден аударылған мәтіндер де қамтылады», — деп толықтырды ведомство.

Әрбір университет мұндай тексерудің ережелерін өзі әзірлеп, бекітеді және оның сақталуын қамтамасыз етеді.

ЖИ қолданғаны үшін жаза бар ма?

Жауапкершілік ЖИ қолданғаны үшін емес, академиялық адалдықты бұзғаны үшін туындайды — университеттің ішкі ережелеріне сәйкес.

Бұған дейін ЖИ қолданғандарға қатысты не өзгерді?

Ғылым және жоғары білім министрлігінің айтуынша, Қазақстанда ЖИ қолдануына байланысты жойылған жұмыстар бойынша бірыңғай ұлттық статистика жоқ. Университеттер мұндай шешімдерді өздерінің ішкі рәсімдері аясында қабылдайды. Сонымен қатар, ЖИ қолдану дерегі дипломдық немесе басқа жұмысты автомат түрде жарамсыз етуге негіз болмайды: негізгі өлшем — академиялық адалдық қағидаттарын сақтау.