“Директорға бір жылда 620 мың теңге пара беруге мәжбүр болдым”: Атыраулық ұстаз - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
 “Директорға бір жылда 620 мың теңге пара беруге мәжбүр болдым”: Атыраулық ұстаз

“Директорға бір жылда 620 мың теңге пара беруге мәжбүр болдым”: Атыраулық ұстаз

 

  • 20 Қыркүйек 2021
  • 124
Фото - Caravan.kz

Атырауда №38 мектептің музыка пәнінің мұғалімі жұмыста қалу үшін директорға ай сайын 30-40 мың теңге пара беруге мәжбүр болған, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы Express Qazaqstan-ға сілтеме жасап. 

26 жастағы тұрғыны Н.Құлбаева (есімін толық көрсетпеуді сұрады) былтыр ақпан айында Атырау қалалық №38 мектебіне музыка пәнінің мұғалімі болып жұмысқа кіреді. Осы кезде мектеп директоры одан жұмысқа тұрғаны үшін 90 мың теңге сұрайды.

— Мен оны беруді ұмытып кеттіппін. Сабақ онлайн болып жүргендіктен, директорды да көрмейтін едім. Екі айдан кейін мені шақырып алып, 90 мың теңгені тағы сұрады. Бермесем, жұмыстан шығаратынын айтып, өз еркіммен жұмыстан кетемін деп арыз жазғызды. Сосын тағы да ақша сұрады. Алдындағы 90 мың теңгеге 70 мың теңге қосып, 160 мың теңгені үйіне апарып бердім, — дейді Н.Құлбаева.

Осылайша, ай сайын директорға жалақысынан 30-40 мың теңге беріп отырған. Жұмыста қалу үшін бір жылда 620 мың теңге берген. Кейін парақорлықтан шаршаған мұғалім Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментіне арыз жазған. Бірақ қылмыстық іс жабылып қалады.

— Жұмыста қалу үшін 620 мың теңге беруге мәжбүр болдым. Ай сайын кабинетіне апарып немесе хатшысынан жалақымнан 30-40 мың теңге беріп жіберетінмін. Бермей қалсам, жұмыстан шығуға арыз сұрайды. Ештеңе істей алмадым. Жазған арызым бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бірақ жабылып қалды, — дейді Құлбаева.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Ғибат Қуқатов ҚК 366 (Пара алу) бабымен қылмыстық іс қозғап, ұстазға жасырын камера мен диктофон береді. Құлбаеваның Express Qazaqstan тілшісіне ұсынған бейнежазбасында, мектеп директорының мұғалімнен ақша сұрап жатқанын анық естуге болады.


Құлбаева және мектеп директоры арасындағы әңгімеде, мұғалім жалақысынан тек 70 мың теңге түскенін айтады. Директор осы ақшаның жартысын ертеңге дейін өзіне әкеліп беруін сұрайды. Өйткені жақын уақытта еңбек демалысына шықпақшы екен. Құлбаева өзінің банк картасы анасында екенін, сол себепті ақшаны кешке аудара алатынын айтқанда, директор бұл туралы ешкімге тіс жармауын талап етеді,
— деп жазылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Ғибат Қуқатовтың Атырау облыстық Білім басқармасының басшысына жазған ұсыным хатында.

Жасырын тергеу амалдары кезінде тергеуші директордың мұғалімнен 620 мың теңге алғанын толық дәлелдей алмайды. Ал дәлелі бар пара көлемі 200 АЕК (583 мың 400 теңге) жетпегендіктен, қылмыстық іс қысқарады. Алайда пара алғаны расталғандықтан, мектеп директорын жұмыстан шығаруға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Атырау облыстық Білім басқармасына хат жолдайды.

Білім басқармасы директорды жұмыстан шығармай, 2 қыркүйекте тек қатаң сөгіс жариялайды.

Әділетсіздікті көре тұра, неге мектеп директорын жұмыстан шығармаған? Әділдікті таба алмадым. Енді Білім министрі Асхат Аймағамбетовке және премьер-министр Асқар Маминге хат жазамын. Басқа амалым қалмады,

— деп ашынады Н.Құлбаева.

Соңғы жаңалықтар