"Днепр" зымыранының құлауы салдарынан келген шығын көлемі 141,8 млн. теңгені құрады - үкіметтік комиссия - kaz.caravan.kz
  • $ 504.76
  • 593.8
-3 °C
Алматы
2025 Жыл
29 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Днепр" зымыранының  құлауы салдарынан келген шығын көлемі  141,8 млн. теңгені құрады - үкіметтік комиссия

"Днепр" зымыранының құлауы салдарынан келген шығын көлемі 141,8 млн. теңгені құрады - үкіметтік комиссия

ҚЫЗЫЛОРДА. 3-қараша. Kazakhstan Today. Нақтыланған мәліметтерге сәйкес, Ресейдің "Днепр" зымыранының құлауы салдарынан келген шығын көлемі 141,8 млн. теңгені құрады. Бұл туралы бүгін үкіметтік комиссияның Қызылордада өткен көшпелі отырысында Қызылорда облысында РС-20 "Днепр" зымыранының құлауынан келген залал-зардапты анықтау жөніндегі комиссия төрағасы, білім және ғылым министрінің орынбасары Азамат Әбдімомынов құлағдар етті, деп хабарлайды Kazakhstan Today тілшісі.

  • 3 Қараша 2006
  • 471
Фото - Caravan.kz

«Қазақстан Республикасы шеккен экономикалық шығын көлемі анықталып, Ресей жағымен келісілді. Шығын көлемі 141 823 110 теңгені құрады. Бұл санға 94 582 416 теңге көлеміндегі экологиялық шығын мен Қазақстанның мемлекеттік мекемелері мен ұйымдарының апат зардаптарын жою мен бағалау жұмыстарына жұмсаған 47 240 694 теңге шығындары қамтылған»,- деп мәлімдеді А.Әбдімомынов.

Бұған дейін шығын көлемі 41 млрд. теңгені құрайды деп есептелген болатын.

Қоршаған ортаны қорғау вице-министрі Әлжан Бралиевтің айтуынша, Ресей жағы қазақстандық мамандардың қатысуымен зымыран құлаған жерде 2-қазанда басталған топырақты зарарсыздандыру жұмыстарын аяқтады. Қуандария және Жаңақала ауылдарында тұратын барлық 2080 тұрғын үш мәрте дәрігерлік байқаудан өткізілді. «Зымыран отынынан улану белгілері бар науқастар анықталған жоқ»,- деді ол.

А.Әбдімомыновтың айтуынша, Қазақстан шеккен шығындарға қатысты ақырғы тұжырым Қазақстан мен Ресей жағының бірлескен отырысынан кейін жасалады.

«Ендігі жерде ғарыш айлағының техногендік әсерін бірлесе отырып қалай жою керектігі төңірегінде сөз болуы керек. Өйткені, шынайы ғарыштық державаға айналған Қазақстан үшін ғарыш айлағының қажеттігі арта түсті», деді комиссия жетекшісі. Екі жақтың үкіметтік комиссияларының бірлескен отырысын өткізу мерзімін ол нақты атай алмады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, 27-шілдеде Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылған «Днепр» зымыран тасығышы апатқа ұшырады. 73-ші секундта зымыран құлап қалды. Зымыран-тасығыштың бірінші сатысының жұмысы аяқталар тұста тарту күші векторы штаттан тыс ауытқып, зымыранның ұшу бағыты өзгеріске ұшыраған. Соның салдарынан қозғалтқыш апатты жағдайда істен шығып, ұшырылым сәтсіз аяқталды. Республика үкіметінің қаулысымен зымыранның құлауынан келген залал-зардапты анықтау жөніндегі комиссия құрылды.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Перейти к новостям спорта