Доллар сатып алуға кеш: Инфляция мен базалық мөлшерлеме қалай өзгереді? - kaz.caravan.kz
  • $ 504.49
  • 587.73
-1 °C
Алматы
2025 Жыл
7 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Доллар сатып алуға кеш: Инфляция мен базалық мөлшерлеме қалай өзгереді?

Доллар сатып алуға кеш: Инфляция мен базалық мөлшерлеме қалай өзгереді?

Долларды сатып алуға кеш пе, әлде дәл уақыты ма? Қазақстандықтарды не күтіп тұр? 

  • 28 Шiлде
  • 11
Фото: Forbes.kz

Теңге қайтадан құнсызданып барады. Ұлттық валютаның әлсіреуіне не себеп? Инфляция мен базалық мөлшерлеме қалай құбылады? Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.

Бұл сұрақтарға сарапшы Арман Бейсембаев inbusiness порталына жауап берді. Экономистің айтуынша, теңгенің құнсыздануына ішкі факторлар әсер етіп отыр.  

«Қазір сыртқы жағдай аса жақсы емес, бірақ аса күрделі де емес. Мұнай бағасына әсер ететін Трамп факторы, ОПЕК+ елдерінің мұнай өндірісін ұлғайтуы, Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс және жаңа санкциялар туралы бәріне мәлім ақпарат. Шын мәнінде, әлемдік геосаяси жағдай теңге курсына қатты қысым жасап тұрған жоқ. Курс бұл айна. Ол біздің экономикалық шындығымызды көрсетіп тұр. Егер макроэкономикалық жағдай нашарласа, теңге әлсірейді», – дейді Арман Бейсембаев.

Оның пікірінше, теңге ішкі экономикалық теңсіздіктердің салдарынан әлсіреп жатыр. Соның бірі сауда балансының нашарлауы. Мұнай экспортының көлемі артқанымен, оның нарықтағы бағасы бюджетте есептелген деңгейден (барреліне 75 доллар) төмен, қазіргі бағасы 68-70 доллар шамасында. Салдарынан ел бюджеті валюта түрінде аз табыс көріп отыр. 

«Мұнайды бұрынғыдан көп экспорттап жатқанымызбен, доллармен есептегенде аз табыс түсіп жатыр. Экспорттың азаюы теңгеге қысым жасайтын негізгі факторлардың бірі, — деп түсіндіреді сарапшы.

Импорт өсіп жатыр – доллар да керек

Ішкі сұраныс та теңгеге қысым жасап тұр. Жазда импортқа деген сұраныс өседі, шетелге шыққандар көбейеді, ал бюджеттен бөлінген қаражат шетелдік тауарларды сатып алуға жұмсалып жатыр.

«Мемлекеттік бағдарламалар, инфрақұрылымдық жобалардың бәрі де шетелдік жабдықты, техника мен материалдарды қажет етеді. Бұл доллар қажет деген сөз. Ал импорт дегеніміз валюта сыртқа кетеді деген сөз, — дейді Бейсембаев.

Оның сөзінше, қазір бірнеше фактор қатар әсер етіп отыр: жазғы маусым, мемлекеттік жобалар бойынша импорт сатып алулар, туризмге байланысты шетелдік қызметтердің қымбаттауы. Қазақстан импортқа тәуелді ел. Курс сәл өзгерсе  баға бірден шарықтайды.

Сарапшының пікірінше, әлсіз теңге бюджетке пайдалы болуы да мүмкін.

«Теңгенің әлсіреуі үкіметке тиімді. Өйткені экспорттаушылар табысын доллармен алады, ал салықты теңгемен төлейді. Яғни курс неғұрлым әлсіз болса, соғұрлым салық көлемі артады. Бұл 10 триллион теңгеге жуық бюджет тапшылығын қосымша қарызсыз жабудың жолы, – дейді экономист.

Курс енді не болады?

Бейсембаевтың айтуынша, біз қазір курс өсімінің шегіне жеттік немесе соған жақындап қалдық. Егер сырттан жаңа өзгерістер болмаса, күрт өсім немесе құлдырау болмайды.

«Курс шегіне жетті. Бұдан әрі айтарлықтай өсім болмайды немесе керісінше, аздап кері қайтуы мүмкін. Егер мұнай бағасы 68-70 доллар аралығында сақталса, курс та тұрақталады. Ал егер 60 доллардан төмен түссе, онда жағдай қиындауы мүмкін,-дейді сарапшы.

Оның айтуынша, қазіргі құбылмалылық көктемдегі мұнай бағасының құлдырауына берілген реакция. Экономикада уақытша кідіріс болады, яғни курс нақты жағдайларды бірнеше ай кеш көрсетеді.

Инфляция қашан байқалады?

Сарапшының пікірінше, курс өзгерісінің бағаға әсері тамызда және әсіресе қыркүйекте сезіледі. Қазір дүкендерде сөрелердегі тауарлар ескі бағамен алынған. Ал жаңа партия, жаңа курс бойынша келеді.

«Курс өзгеріп, бағалар бірден өспейді. Себебі дүкендер әлі 510 теңге курспен алынған тауарларды сатып жатыр. Бірақ келесі партия, яғни жаңа курс бойынша болады. Міне, сол кезде инфляция шын мәнінде көрініс береді, — дейді экономист. 

Қазірдің өзінде жылдық инфляция шамамен 11,8 %. Егер қазіргі үрдіс сақталса, тамызда бұл көрсеткіш 12,5 %-ға дейін өсуі мүмкін.

Базалық мөлшерлеме көтеріле ме?

Сарапшының айтуынша, Ұлттық банк әзірге күтуші ұстанымда, бірақ ақша-несие саясатын қатаңдатуы да ғажап емес.

«Соңғы рет Ұлттық банк мөлшерлемені сол қалпында қалдырды. Бірақ талқылаулар болғаны байқалды. Егер инфляция үдей берсе, мөлшерлемені көтеру ықтималдығы жоғары. Тез арада. Ал егер баяуласа, банк біраз күтеді, — дейді Арман Бейсембаев. 

Нақты шешім қыркүйектің басында, тамыз айындағы деректер шыққан соң қабылдануы мүмкін.

Қазір доллар сатып алуға болады ма?

Финансист халықтың жаппай валюта сатып алуға ұмтылуы қисынға келмейтінін айтады.

«Ең қызығы, халық долларды тек шарықтау шегінде ойлай бастайды. Көктемде курс 490 болғанда ешкім селт етпеді. Енді 540 болғанда бәрі жүгіріп жатыр. Ал валютаны шарықтап тұрған кезде емес, керісінше түскен кезде алу керек, — дейді ол.

Оның сөзінше, долларды сатып алғыңыз келсе, тек ұзақ мерзімге ғана тиімді.

«Егер сіз долларды 2-3 жылға алсаңыз, бұл инвестиция. Бірақ 3-4 айға алып, курс өседі деп үміттенудің тәуекелі көп. Ойлағаныңыз болмай қалуы мүмкін, курс кері қайтып, шығынға ұшырайсыз, — деп қорытындылады экономист.

Перейти к новостям спорта