Доллардан бас тартып, жаңа тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу мүмкін емес - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Доллардан бас тартып, жаңа тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу мүмкін емес

Доллардан бас тартып, жаңа тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу мүмкін емес

Доллардан бас тартып, жаңа тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу мүмкін емес. Үй салушылар қауымдастығының кешегі мәлімдемесіне қаржыгерлер қарсы. Бұл ұйымның өкілдері бұдан былай баспананы тек теңгемен ғана бағалайық деген ұсыныс айтқан еді. Бірақ кей сарапшылар бұл жақсылыққа апармайды деп отыр. Өйткені шетелдік компаниялар тауарларын теңгемен сатпайды. Ал елімізде құрылысқа пайдаланылатын материалдардың басым бөлігі импорттық екен.

  • 16 Қыркүйек 2015
  • 280
Фото - Caravan.kz

Төл теңгені қолдау үшін АҚШ валютасынан бас тартуды көздеген үй салушылар қауымдастығының бастамасы елдегі құрылыс қарқынын бәсеңдетуі мүмкін. Себебі күн санап әлсіреп бара жатқан ұлттық ақшамен құрылыс материалдарын сатып алу қымбатқа түсіп жатыр. Жалпы, баспананы тек теңгемен есептесіп тұрғызу және сатудың арты жақсылыққа әкеле қоймайды дейді қаржыгерлер.

Денис Кривошеев, экономист:

— Қиын жағдайды өз пайдасына пайдаланған ұйымдар өздерін жарнамалаудың жақсы амалын тапты. Нақты бағаны белгілеу мүмкін емес, себебі алдағы айларда не боларын ешкім біле алмайды. Экономикамыздың 90 пайызы импортқа тәуелді болып тұрғанда, бұл мәлімдеменің мәні жоқ.

Елімізде құрылысқа пайдаланылатын материалдардың 60 пайызы импорттық екен. Яғни шатыр жабдықтары, сантехника мен керамика және лифт секілді күрделі құрылғылардың басым бөлігі алыс шетелден жеткізіледі. Сондықтан тек теңгемен есеп айырысу үшін солармен бәсекелесе алатын отандық өнеркәсіпті дамыту қажет.

Сарапшыларды риэлторлар да қолдап отыр. Өйткені қазір жылжымайтын мүліктің бағасы түсіп жатқанымен, оны әлі де доллармен саудалау тиімді болып тұр. 

Нина Лукьяненко, Қазақстан риэлторлар қауымдастығының вице-президенті:

— Доллардан бас тартып, салынып біткен пәтерлерді ешкім теңгеге сата қоймайды. Себебі барлық шығын АҚШ валютасымен есептелді. Кешегі бастаманың іс жүзінде орындалуы мүмкін емес.

Ал баспана арзандаса да жұрттың жаппай ипотека алу үшін банкке ағылуы екіталай. Себебі қаржы ұйымдарының көпшілігі ұзақ мерзімге несие беру мөлшерін азайтқан.

Алексей Сычев, банк қызметкері:

Бұрын ипотеканың үлесі анағұрлым үлкен болатын. Ал бүгінде қомақты қаржыны алуға жұрт ниет білдіре бермейді. Сондықтан сұраныс түсіп кетті. Себебі адамдардың жағдайы жоқ.

Осылайша төл теңгенің еркін айналымға түсуінен қарапайым жұрт қана емес, ірі компаниялар да қиын жағдайда қалды. Тығырықтан шығар жол іздеу үшін доллардан бас тартамыз деген ойлары да жақын арада іске аса қоймайтыны анық. Себебі, бізге құрылыс материалдары ғана емес, азық-түліктен бастап түрлі техникаларға дейін шетелден жеткізіледі. Ал оны жеткізушілердің шатқаяқтап тұрған теңгемен сауда жүргізбесі анық. 

Соңғы жаңалықтар