Досхан Жолжақсыновтың қатысуымен түсірілген таңдаулы фильмдердің топтамасы DVD дискіде жарық көрді - kaz.caravan.kz
  • $ 515.02
  • 604.22
-4 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Досхан Жолжақсыновтың қатысуымен түсірілген таңдаулы фильмдердің топтамасы DVD дискіде жарық көрді

Досхан Жолжақсыновтың қатысуымен түсірілген таңдаулы фильмдердің топтамасы DVD дискіде жарық көрді

Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсыновтың қатысуымен түсірілген таңдаулы фильмдердің топтамасы DVD дискіде жарық көрді.

  • 6 Қазан 2011
  • 998
Фото - Caravan.kz

Журналистерге жинақтың тұсаукесер рәсімін бүгін Астанада Д.Жолжақсыновтың әріптестері мен достары ҚР Парламентінің депутаты, композитор Төлеген Мұхамеджанов, Қазақстанның халық әртісі, режиссер Талғат Теменов және осы жобаны жүзеге асырушы «Меломан» компаниясының директоры Владимир Ремнев өткізді.

Жинақ актер және режиссер Д.Жолжақсыновтың туғанына 60 жыл, шығармашылық жолына 30 жыл толған мерейтойлық даталарға арналды. Оған «Біржан сал» (2009 ж.), «Омпа» (1998 ж.), «Көшпенділер» (2005 ж.), «Ай астындағы үй» (1983 ж.), «Құтырған иттерді қамалау» (1990 ж.), «Теңіз жағалай жүрген тарғыл төбет» (1990 ж.), «Жәбірленушілер шағым шақпайды» (1986 ж.), «Алтын күз» (1980 ж.), «Қожажас» (1984 ж.), «Гауһартас» (1975 ж.) сынды 10 үздік көркем кинолента енді.

«Досхан театр сахнасына жастайынан көтерілді. Құрманғазы атындағы консерваторияның студенті бола жүріп, жасөспірімдер театрында ойнады. Сол театрда өзінің алғашқы шығармашылық жолын бастады. Кейін «Гауһартас» фильміне алғаш рет киноға түсті. Одан кейін өте танымал, «Даладағы қуғын» немесе «Бандыны қуған Хамитте» Хамиттің рөлін ойнап, жастардың арасында танымал, керемет сүйікті актерға айналды. Өмірлік жолында 40-тан астам киноға түсті. Олардың арасында тек «Қазақфильмнің» ғана емес, «Мосфильмнің», А.П.Довженконың кинолары бар. Ал кино саласында ең соңғы шыққан шыңы ол — «Біржан сал»», — деп атап өтті Т.Мұхамеджанов.

Т.Мұхамеджановтың айтуынша, «Біржан сал» ұлттық киномотаграфияның үлкен бір белесі. Себебі, соңғы кездерде бүгінгі өмірге сай киноларды түсіру қарқын алды. Қазақтың ұлттық өнері, салт-дәстүрі «Қыз Жібек» фильмінен кейін, нақ осы «Біржан сал» киносында көрсетілді. Біржан сал туралы кино түсіру актердің өмірлік арманы болды. «Осы картинамен Досхан өзінің өнер саласындағы үлкен бір шыңына шықты ғой деп ойлаймын», — деді депутат.

Актердың өмірлік достары мен әріптестерінің айтуынша, Д.Жолжақсынов өзінің өнерін насихаттаумен ешқашан айналыспаған, сондықтан, бұл бастаманы достары қолға алған. «Досхан презентация туралы біледі. Ол кісі келіспей мұндай тұсаукесерді өткізбеуші едік. Бірақ өзін шақырмадық. Себебі, Талғат екеуіміз оның жақын достарымыз. Тұсаукесерді өзіміз жасаған дұрыс болар деп ойладық. Бізде өте көп мерейтолар өтетінін білесіздер. Сахнаға шығып алып, ешкімге төр бермейтін той иелері де бар», — деді Т.Мұхамеджанов.

Фильмдер топтамасы 1000 дана тиражбен шықты. 2011 жылдың 7 қазанынан бастап «Меломан» дүкендер желісіне сатылымға түседі. Бағасы да төмен — 1500 теңге. Бірақ баспасөз мәслихатының спикерлері DVD дискінің бағасы төмен болғанымен, оған енген фильмдердің бағасы төмен деп қарамау қажеттігін айтты. Себебі, жобаның мақсаты Д.Жолжақсынов арқылы қазақ киносының жемісі мен жетістігін насихаттау болып табылады.

«Бұл жобадан ешкім пайда көрмейді. Қазір дискілер қаншадан сатылып жатқанын білесіздер. Оның үстіне 10 фильм мұндай баға тұрмайды. Мұны халық арзан кинолар деп қабылдамаса екен деген тілегіміз бар», — деді В.Ремнев.

«Жобаға неліктен нақты осы фильмдер енгені туралы айтып өтейін. Досхан Қалиұлының дос-жорандары осы жоба арқылы қазақ киносын қол жетімді деңгейге жеткізуді мақсат етті. Жоба Д.Қалиұлына біріншіден — тосын сый. Екіншіден бұл — бағасы қолжетімді коллекциялық өнім. Жолжақсынов Қазақстанның халық әртісі. Өкінішке қарай, оның қатысуымен түсірілген фильмдердің арасында көпшілік халыққа жетпей жатқандары да бар», — В.Ремнев.

В.Ремнев, қазақи болмысты насихаттайтын фильмдер кинокартиналар өмірге көптеп келіп жатқан қазіргі жаһандық үрдісте, тасада қалып қоймаса екен, деген тілегін де білдірді.

Досхан Жолжақсынов 1951 жылы Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының Ақсуат ауылында дүниеге келген. 1969 жылы Құрманғазы атындағы өнер институтының театр факультетіне түсіп, онда КСРО халық артисі Хадиша Бөкеевадан (1969-1973) тәлім алды. 1972 жылдан бастап Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жасөспірімдер театрында жұмыс жасады. 1993-2000 жж. аралығында осы театрдың директоры болды. 1982 жылы Қазақстан Лениндік комсомол сыйлығының лауреаты, 1996 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 1995 жылы ҚР Халық әртісі атағы берілді.

Перейти к новостям спорта