Бұл туралы ол "Менің өмірім" бағдарламасында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
"Бір кездері қатты ауырғаным бар. Кәдімгідей бүкіл денеммен сылқ етіп құлағаным бар. Көзім жабылмай, бет аузым қисайып кеткен кездер де болды. Мен әртүрлі мамандарға бардым. Жанболат ешқашан емші, молда дегендерге бармайтын. Ондайды жақсы көрмейтін, бірақ мен ауырған кезде өзі де кірісіп жүгіріп кетті. Медицина саласына барсақ, жүйке шаршаған дейді, молдаларға барсақ көз тиген дейді. Құмалақ ашып емдейтіндерге барғанда дуа салынған дейді, екі рет дуа салынған деп 3-4 жерде айтты. 20 жыл бұрын бір, 10 жыл бұрын бір салынған, соның бәрі шыққан деп те айтты. Дәрігерлер нерв шаршаған, психологтар жүйке шаршаған дейді. Әр сала өз тілінде сөйлейді ғой. Бірақ мен бәрінде де емделдім. Қайсысынан болғанын бір Құдай ғана біледі. Жаман нәрсеге сенгім келмейді. Дуа салынған болса, оны салған адамдар да қазір менің басқа адам екенімді көріп, мені жақсы көріп кетті деп сенемін. Мен бәрін кешіремін", — дейді ол.