Онда сөз сөйлеген Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы төрағасының орынбасары Талғат Мамашев шетелдегі қазақтардың тіл байлығын зерттеп жинау жұмыстары одан әрі жалғасын табатынын хабарлады.
Шетелдерде тұратын қазақ диаспорасы мен Қазақстан жұртшылығын байланыстырушы алтын көпір іспетті Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы сыртта жүрген зиялы қауым өкілдерінің шығармаларын жарыққа шығару, олардың шығармашылық жолымен қазақстандық оқырмандарды таныстыру мақсатында біраз істер тындырып келеді. Осындай ниетпен қауымдастық жанынан құрылған «Атажұрт» баспа орталығы соңғы 3-4 жылдың ішінде жиырмадан астам кітаптар шығарды. Олардың арасында шеттегі қазақ диаспорасының көрнекті қайраткерлері Дәлелхан Жаңалтайдың «Қилы заман, қилы күндер», Халифа Алтайдың «Алтайдан ауған ел» ғұмырнамалық жазбалары, ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегерлері Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр», Сұлтан Жанболаттың «Елжау Күнби» тарихи романдары, Жақсылық Сәмитұлының «Қытайдағы қазақтар», 90-шы жылдардың басында Монғолия үкімет басшысының орынбасары болған Зардыхан Қинаятұлының «Монғолиядағы қазақтар» деректі кітаптары бар.
Сондай-ақ, бүкіл ғылыми ғұмырын қазақ мәдениетінің қыр-сырын зерттеуге арнаған қытай ғалымы Су Бихайдың «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты зерттеуі қазақ тілінде жарық көрген.
Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің іргесін қалаушылардың бірі ақиық ақын Таңжарық Жолдыұлының екі томдық таңдамалы шығармалары, және осы ақын туралы «Таңжарық тағлымы» атты кітап, көрнекті қайраткер, Қытай абақтысында отырған Омарғазы Айтанұлының «Тырналар», өзбекстандық ақындардың «Алтын алқа» жинақтарын да ерекше атауға болады.
80 жылдық ғұмырының 40 жылын қытай түрмесінде өткізген қабырғалы қаламгер Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романы да жарық көрді. Бұл романның кейіпкері өмірде болған адам. Зуқа Сәбитұлы өткен ғасырдық 30-шы жылдарында Шыңжан қазақтарының ұлт азаттығы жолындағы күресін бастаушылардың бірі. Қ.Шабданұлы абақтыда отырған мерзімде жазып қалдырған 6 томдық туындыларының үш томын Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділ араб қарпінен кириллицаға аударып дайындады. Бұл кітаптар алдағы уақытта жарық көреді деп күтілуде.
Қауымдастық өз баспасынан шығатын кітаптарды алдағы уақытта да қазақ мектептерінің оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері оқып-танысуы үшін кітапханаларға тегін таратып беруді дәстүрге айналдырмақшы.