Осы орайда Р.Отунбаева 29 адамды кері қайтарып беруді талап етіп отырған Өзбекстанмен арадағы қарым-қытынасқа Қырғызстан сызат түсіргісі келмейді деп мәлімдеді.
Қырғызстан қазір «екі оттың ортасында қалды» , дейді Р.Отунбаева. «Біз аймақта тұрақсыздық тудырмайтындай қадамдар жасағымыз келеді»,- деді ол.
Қазір Қырғызстан халықаралық сарапшылармен бірге ресми Ташкент Әндіжандағы тәртіпсіздіктерді ұйымдастырды деп айыптаған өзбек азаматтарынан жауап алуға кірісті. Р.Отунбаеваның айтуынша, Оштың тергеу изоляторында отырған 29 адамның 12-сі сұрақтарға жауап берді.
«Өзбекстан жағы оларды қылмыскер деп санайды. Алайда әзірге Өзбекстан азаматтары Қырғызстаннан саяси баспана сұрап отыр»,- деді ол.
Қырғызстан сыртқы істер министрінің міндетін атқарушы сондай-ақ уақытша лагерьде тұрып жатқан өзбек азаматтарымен де жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бүгінде 126 адам сауалнамаға жауап берді. Р.Отунбаеваның айтуынша, 30-дай заңгерлер мен тәржімашылардың қатысуымен күн сайын 2-3 адам сұхбаттан өтуде.
Өзбекстан азаматтарына саяси баспана беру мәселесі жоғарыдағыдай идентификациялық процедуралар аяқталған соң барып шешіледі, деді Қырғызстаннның уақытша сыртқы істер министрі.