Дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстан 2005-жылдың соңы мен 2006-жылдың басында мүшелікке өтуі мүмкін -ҚР үкімет басшысы - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+9 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстан 2005-жылдың соңы мен 2006-жылдың басында мүшелікке өтуі мүмкін -ҚР үкімет басшысы

Дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстан 2005-жылдың соңы мен 2006-жылдың басында мүшелікке өтуі мүмкін -ҚР үкімет басшысы

Дүниежүзілік сауда ұйымына Қазақстан 2005-жылдың соңы мен 2006-жылдың басында мүшелікке өтуі мүмкін. Бұл туралы бүгін, 5-ақпанда Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді ,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

  • 5 Ақпан 2004
  • 1177
Фото - Caravan.kz

«Біз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту бағытында пәрменді жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Іс біртіндеп алға ілгерілей бастады. Таяу уақыттарда Қазақстан жағы фактологиялық тұжырым жобасын жасайды. Ол Қазақстанды Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке қабылдауға негіздеме болатын жұмыс тобының баяндамасына арқау етіп алынады»,- деді Д.Ахметов. Жоба жұмыс тобының қарауына биыл беріледі.

Үкімет басшысының хабарлауынша, Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту үшін Қазақстанға төрт пункт бойынша шараларды келісу қажет. Біріншісі, Қазақстанның бірқатар шикізат өндіру саласындағы қатыстылық көрсеткішін қорғауға байланысты заңнамалардағы қиындықтар. «Бұл жерде мәселе «Мұнай туралы» және «Жер қойнауы туралы» тәрізді бірқатар заңдарда көрсетілген талаптар туралы болып отыр. Оларда республикада жұмыс істейтін шетелдік компанияларды жалпыәлемдік стандарттарға сәйкесетін қазақстандық өнімдерді тұтынуға міндеттеу туралы баптар бар. Бұл тезисті біз міндетті түрде қорғайтын боламыз»,- деді Д.Ахметов.
Осы орайда ол Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болып табылатын Норвегияны мысалға келтірді. Кезінде бұл мемлекет «ел аумағында мұнай операцияларын жүзеге асыратын барлық операторларды Норвегия үкіметі анықтайды» дегенді заң жүзінде көрсетіп қойған. «Бұл дегеніңіз, кімнің, қандай тапсырысты орындайтындығын Норвегия үкіметі әкімшілік бұйрық күшімен шешеді дегенді білдіреді. Ал біздің заңдарда ондай бап жоқ. Демек, еліміздің заңдары Норвегия заңдарымен салыстырғанда жұмсақтау деуге болады»,- деді Д.Ахметов.
Келісуді қажет ететін екінші мәселе — ауылшаруашылығы саласына субсидия бөлу болмақ. «Біздің пайымдауымызша, Дүниежүзілік сауда ұйымы сүйенетін нормаға сәйкес Қазақстан ауылшаруашылығына бөлінетін субсидия мөлшерін есептеуге негіз ретінде 1994-1996-жылдарды алуы тиіс. Бұл кезеңдегі субсидия мөлшері 864 млн. доллар шамасында -тұғын»,- деді Д.Ахметов.
Оның айтуынша, ауылшаруашылығы саласы жоғары деңгейде дамыған АҚШ және Австралия сияқты мемлекеттер Қазақстан субсидия мөлшерін есептегенде 2002-2004-жылдар аралығындағы көрсеткіштерге негіздеуі тиіс деген талап қойып отырған көрінеді. «Бұл жерде аталмыш мемлекеттердің түпкі пиғылы түсінікті болып отыр. Өйткені, таяу уақыттарда Қазақстан ауылшаруашылығының астық және басқа да салаларында қуатты бәсекелеске айналады»,- деді үкімет басшысы. Оның айтуынша, республика бұл мәселеде де өз позициясынан ауытқымайды.
Үшінші мәселе акциздік бағдарламаға байланысты проблемаларды шешу болмақ. «Біздің пайымдауымызша, бұл тұрғыда Қазақстан обьективті ымыраға бара алады»,- деді ол.
Ал телекоммуникациялық қызметтер рыногына шетелдік компаниялардың енуіне мүмкіндік беру — келісілуге тиіс төртінші тауқыметке саналады. «Үкіметтің бұл тұрғыдағы идеологиясы, ниеті барлардың барлығын нарыққа жіберіп, жұмыс істеуге жағдай жасауға саяды»,- деді Д.Ахметов. Оның айтуынша, үкімет еліміздің қолданыстағы заңына өзгерістер енгізуге кірісті. Қазіргі жағдаймен коммуникация саласындағы кәсіпорындардағы еліміздің үлесі 51 проценттен кем түсуге тиіс емес. Үкімет алдағы уақытта бұл көрсеткішті азайтуға құлық танытып отыр.
Ал Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына Ресеймен бір уақытта мүшелікке өтуге пейіл,- деді үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар