Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы ойлау еркіндігі, ар-ұждан және діни еркіндік, еркін наным құқығы мен оны еркін білдіру құқығы, өз елін басқаруға тікелей немесе тәуелсіз сайланған өкілі арқылы атсалысу тәрізді негізгі еркіндіктерді жариялады. Декларацияда сондай-ақ экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар мен тең мүмкіндіктер құқығы жарияланған. Әр адам, өзінің нәсіліне, терісінің реңіне, жынысына, тіліне, дініне, саяси немесе басқа да сенім-нанымына, ұлттық немесе әлеуметтік шығу тегіне, мүлкіне немесе ру-тегіне қарамастан, декларацияда жарияланған құқықтарға бірдей ие болуы тиіс.
БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан халықаралық адам құқықтары күніне арнаған өз жолдауында қазіргі таңда адам құқықтарын сақтау мүмкіндігі баршаға бірдей болу үшін үлкен күш жұмсау қажеттігі бұрынғыдай сақталып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл істе адам құқықтары саласындағы білім маңызды роль атқаруы тиіс. БҰҰ-ның бас хатшысының айтуынша, өскелең ұрпақ өздерінің ажырамас құқықтарынан хабардар болумен бірге оны жүзеге асыру және қорғау мүмкіндігіне ие болуы тиіс.
БҰҰ-ның бас хатшысы болашақ ұрпақты адам құқықтарын сақтау мәдениетіне баулуға, осындай рухта тәрбиелеуге бағытталған күш-жігерді одан әрі жалғастыруға шақырды.
Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросының мәліметі бойынша қазіргі жағдаймен еліміз адам құқықтарына қатысты 20 конвенция мен пактіге біріккен. Дегенмен, ұйым өкілдерінің пайымдауынша, «әлемдік сахнада құқықтық мемлекет ретінде танылу үшін аталмыш құжаттарға қол қоюмен ғана шектелу жеткіліксіз».