В.Школьниктің айтуынша, таяудағы 5-10 жылда бұл елдердегі мұнай өндіру көлемі «екі есе өсіп, шамамен 5 процентке жетеді».
ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі жария еткен ақпаратқа сәйкес, бүгінгі таңда дүниежүзі күніне 80 млн. баррель мұнай тұтынуда. Алып пайдалануға болатын әлемдік көмірсутегі шикізатының қоры 1 трлн. баррельге тең. Бұл шикізаттың 50 проценті Араб елдерінде өндіріледі.
«Болжамға сәйкес, 2020-жылы дүниежүзілік мұнай тұтыну көлемі күніне 110 млн. баррельге жетеді. Тұтыну мөлшері әсіресе Оңтүстік Шығыс Азияның дамушы елдерінде арта түспек. Сондықтан оған дайын болу керек»,- деді ол.
«Тәулігіне 100 млн. баррель мұнай тұтынылады деп есептейтін болсақ, қандайбір ірі мұнай кеніші ашылмаған жағдайда, қолда бар қор 30-40 жылға жетеді»,- деді В.Школьник. Ол жаңа кеніштердің ашылу мүмкіндігін жоққа шығармайды, «бірақ ондағы қорға қол жеткізу қазіргіден қымбатқа түспек».
В.Школьниктің айтуынша, «2010-жылы Батыс Еуропаға мұнай импорттау көлемі қазіргі 55 проценттен 65 процентке, ал 2020-жылы 80 процентке жетеді. Солтүстік Америкаға мұнай импорттау көлемі 2020-жылы қазіргі 35 проценттен 45 процентке дейін өсуі мүмкін. Еуропаның орталық және шығыс бөлігіне импортталатын мұнай көлемі қазіргі 80 проценттен 2020-жылы 90 процентке дейін өседі».
Әлемдік мұнай нарығында кейінгі кездері байқалған баға қымбаттау құбылысын В.Школьник тұтыным мөлшерінің артуы немесе мұнай өндіру мүмкіндігімен емес, «саяси ахуалға байланысты үміттер мен аталмыш нарықтағы ойыншылардың іс-әрекеттерімен байланыстырады».
Ғаламдық энергетикалық ахуалдың тұрақсыздығын ауыздықтау жолдарына тоқталған В.Школьник «бұл салада қолданылатын амалдар шектеулі» деді.
«Бұл — әр елде жергілікті ресурстарды игеру, экономиканың энергетикалық тиімділігін арттыру, отын түрлерін алмастыру мүмкіндігі, стратегиялық қор жинақтау және отын түрлерін көбейту, қуат үнемдеу көздерін диверсификациялау болмақ». В.Школьниктің пікірінше, «осындай шараларды қолдануға қарамастан, энергетикалық ахуалдың тұрақсыздығына тәуелділік жалғаса береді». «Проблеманы шешудің бір жолы — көпбағытты сауда саясатын ұстану болып табылады»,- деп мәлімдеді министр.