Бұл туралы ақпарат министрлік сайтында жарияланды, деп жазды Caravan.kz медиа порталы.
«2024 жылғы 13 қыркүйекте сағат 16:00-де Мәдениет және ақпарат минстрлігінің ұйымдастыруымен «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты өтеді».
Ал ойынды ұйымдастырушылар аталған салтанатты шараның көрермендерсіз өткізелтінін нақтылады.
«V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 13 қыркүйек күні аяқталады. Осы жылдың көктемінде бюджеттің қысқаруына байланысты, жабылу рәсімі хаттамалық форматта және көрерменсіз өтеді. Шараны қазақстандық жетекші телеарналардың тікелей эфирінен тамашалауға болады. Ойындардың жабылу салтанатына билет сату туралы ақпарат тарағанын ұйымдастырушылар назарға алып отыр. Осы орайда, жабылау рәсіміне билет сатылып жатпағанын ресми түрде хабарлаймыз. Кез келген жалған ақпарат алаяқтық болып саналады. Азаматтарды абай болуға шақырамыз. Өтініш, күмәнді ұсыныстарға алданып қалмаңыздар. Ойындардың жабылу рәсіміне тек спортышылар қатысады. Ал көрермен жинау мүлде көзделмеген», – дейді ұйымдастырушылар.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жабылу салтанаты барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары және танымал қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері: Қарақат Әбілдина, Қайрат Баекенов, Гүлсім Мырзабек, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары: Марат Айтымбай, Мади Сыздықов және т.б. өнер жұлдыздары танымал эстрадалық әндер мен халық композиторларының шығармаларын орындайды.
Бұдан басқа, «Наз» мемлекеттік би театры және Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы, «Қамбарқан» фольклорлы-этнографиялық ансамблі (Қырғыз Республикасы) және «Меломен» тобы қатысады.
Айта кетсек, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қатысушылар 21 спорт түрінен сынға түсуде. Этноауылда апта бойы күнделікті 100-ге жуық мәдени шара өтуде. Ал бүгін Ұлттық музейде ғылыми бағдарлама аясында «Көшпенділер: тарих, білім, сабақтар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Шараға 12 елдің жетекші мамандары қатысты.
Бұған дейін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бесінші күннің қорытындысы бойынша да Қазақстан жеңімпаздар кестесінде көш бастап тұрғаны хабарланған. Жалпы есепте Қазақстан қоржынында 32 алтын, 24 күміс, 27 қола жүлде бар.