“Дүрбелеңсіз несие”: Қазақстандағы қарыздық жүктеменің шынайы бейнесі қандай - kaz.caravan.kz
  • $ 518.57
  • 566.59
+13 °C
Алматы
2025 Жыл
8 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
“Дүрбелеңсіз несие”: Қазақстандағы қарыздық жүктеменің шынайы бейнесі қандай

“Дүрбелеңсіз несие”: Қазақстандағы қарыздық жүктеменің шынайы бейнесі қандай

Қазақстандық қарыз алушылардың жартысы миллион теңгеден аз сома алады: тұтынушылық несиелердің құрылымын талдаймыз

  • 4 Сәуiр
  • 5531
Фото - Caravan.kz


Несие — үкім емес: қазақстандықтар қарызға алған ақшаны қалай пайдаланады?

2025 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша Қазақстанның екінші деңгейлі банктеріндегі тұтынушылық несие көлемі 14,1 трлн теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 31,7%-ға өсті. Мұндай өсу нарықтық экономика үшін табиғи құбылыс. Тұтынушылық несиелер қаржы жүйесінде маңызды рөл атқарып келеді. Олар ішкі сұранысты ынталандырып, бизнестің белсенділігін қолдап, экономикалық айналымды қамтамасыз етеді.

Дегенмен, бұл динамиканы барлық адам бірдей дұрыс түсіне бермейді. Елде қаржылық сауаттылық әлі де қалыптасу кезеңінде болғандықтан, кейбір адамдар қарыз көлемінің өсуін теріс белгі ретінде қабылдайды. Көп жағдайда халықтың қарыз құрылымы талданбай, пікір тек эмоциялар мен үстіртін көрінген сандарға негізделеді. Бұл мақалада біз осындай алаңдаушылықтың қаншалықты негізді екенін талдап, шынайы жағдайды фактілер негізінде бағалаймыз.

Тұтынушылық несиелердің белсенді өсуіне қарамастан, халық арасында артық қарыз жүктемесінің ешқандай белгілері байқалмайды. Бұл, бір жағынан, несиелердің көлемімен бірге азаматтардың табыстарының да артқанына және банктердің клиенттердің төлем қабілеттілігін әлдеқайда дәл бағалауға көшкеніне байланысты. Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, 2024 жылдың төртінші тоқсанында қарыздар мен басқа да қаржылық міндеттемелер бойынша төлемдер үй шаруашылықтарының жалпы шығындарының 6,2 %-ын құрады. Салыстырмалы түрде 2009 жылы бұл көрсеткіш 4,6 % болатын. 15 жылда айырмашылық тек 1,5 % құрады. Инфляцияны, табыстардың өсуін және тұтынушылық мінез-құлықтың өзгеруін ескере отырып, бұл айтарлықтай өсім емес деп айтуға болады.

Бұл мәліметтерде тек банктік несиелер ғана емес, сонымен қатар қаржы институттарының қатысуынсыз рәсімделген қарыздар да көрсетілгенін ескеру керек. Мысалы, туыстардан немесе достардан алынған ақшалар да ескерілген. Демек, банктік қарыздардың жалпы шығындар құрылымындағы үлесі тіпті төмен болуы мүмкін.

Көп алаңдататын басқа бір шығын категориясы — азық-түлікке жұмсалатын қаражат. Қазір ол қазақстандықтардың барлық шығындарының шамамен 50 %-ын құрайды. Мұндай диспропорция мүмкіндіктердің шектеулі екенін көрсетеді . Егер азық-түлікке бюджеттің жартысы жұмсалса, басқа қажеттіліктерге ақша өте аз мөлшерде қалады. Соңғы 15 жылда бұл шығындар 8% -дан астам тармаққа өсті. Азаматтардың өмір деңгейі туралы алаңдайтындар осы мәселеге назар аударуы тиіс. 


Енді қарыз алушылардың статистикасын толығырақ қарастырайық. Мемлекеттік кредит бюросының 2025 жылдың 1 ақпанындағы мәліметтеріне сәйкес, банктерде, МҚҰ немесе басқа қаржы құрылымдарында қарызы бар шамамен 9 миллион адам тіркелген. Бір қарағанда бұл сан таң қаларлықтай болып көрінуі мүмкін, бірақ қарыздардың сомалары бойынша бөлініске көз жүгіртсек, ақпарат әлдеқайда қызықты бола түседі.

Барлық қарыздар бойынша жалпы қарыз көлемі 24,3 трлн теңгені құрайды. Дегенмен, осы соманың шамамен 93 %-ы 1 миллион теңгеден асатын несиелерге тиесілі, оларды тек 46,7 % қарыз алушылар алған. Тіпті 2 миллион теңгеден асатын қарыздар бойынша 84 % барлық қарыз көлеміне келеді, бірақ оларды тек 30 % клиенттер алған. Ал 5 миллион теңгеден асатын қарыздар барлық қарыздардың 66%-ын құрайды, бірақ оларды тек 15 % қарыз алушылар рәсімдеген. Мұндай сомалар кез келген адамға берілмейді. Мұндай сомадағы несие жоғары төлем қабілеттілігі бар,  тұрақты табыстары расталған тұлғаларға беріледі. 

Екінші жағынан, барлық қарыз алушылардың жартысынан көбі 53,2 %, яғни шамамен 4,8 миллион адам 1 миллион теңгеге дейін қарыз алған. Олар 100 мың, 300 мың, 500 мың болуы мүмкін. Мұндай сомалар көбінесе қарапайым қажеттіліктер үшін алынады және 1-2 айлық жалақымен оңай жабылады. Қарыздарды бөлу бойынша: 1 миллион адам 100 мың теңгеден аз қарыз алған, 1,4 миллион адам 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін, тағы шамамен миллион адам 300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін, және шамамен 1,5 миллион адам 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін қарыз алған. Мұндай міндеттемелердің орташа мөлшері 50 мыңнан 730 мың теңгеге дейін өзгеріп отырады. Бұл — шағын сомалар және мұндай жағдайда «қарызға бату» туралы сөз қозғау орынсыз.

Нақтырақ айтқанда, халықтың негізгі бөлігі орташа және оңай өтелетін несиелерге ие. Ал ірі сомадағы қарыздар табысы жоғары, қарызға алған қаражатын тұрғын үй, бизнес немесе басқа да ірі салымдарға инвестиция құралы ретінде пайдаланатын тұлғаларда болуы мүмкін. Бөлек тақырып арнауға тұрарлық ипотекалық несиелер бойынша төлемдер көбінесе жалға алу төлемдерінен төмен. Бұл өз кезегінде тұрғын үй мәселесін өмір сүру сапасына зиян келтірмей шешуге мүмкіндік береді.

Осылайша, жалпы жағдайды бағалайтын болсақ, мынандай қорытынды жасауға болады — Қазақстан халқының қарыздық жүктемесі қалыпты деңгейде және экономика үшін қауіп төндірмейді. Несиелердің көбі не үлкен қысым жасамайтын шағын сомалар, не төлеуге мүмкіндігі бар адамдар алған ірі қарыздар. Демек, жаппай қарыздану туралы айту негізсіз. Жаппай қарыздану туралы пікірлер нақты мәселеге қарағанда ойдан шығарылған әңгімеге көбірек ұқсайды.