Джеки Чан Назарбаевқа Қазақстанда кино түсіретінін айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
0 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Джеки Чан Назарбаевқа Қазақстанда кино түсіретінін айтты

Джеки Чан Назарбаевқа Қазақстанда кино түсіретінін айтты

Джеки Чан Қазақстанда кино түсірмек. Әйгілі актер Нұрсұлтан Назарбаевқа өзінің осындай жоспарын жайып салды. Бейжіңге сапарлап барған Қазақстанның тұңғыш президенті екі күндік форумнан кейін, кеше қытайдың зиялы қауым, мәдени саладағы мамандарымен жүздесті.

  • 30 Сәуiр 2019
  • 34
Фото - Caravan.kz

Ал қытай билігі Нұрсұлтан Назарбаевты өздерінің ең жоғарғы наградасымен марапаттады. Есесіне, біздің кәсіпкерлер бұдан былай ауыл шаруашылығы өнімдерін Қытайға кедендік кедергісіз тасымалдайтын болды, деп хабарлайды Евразия арнасына сілтеп Stan.kz.

Экономикасы бойынша Қытай әлемде екінші орында. Халқының саны тағы белгілі. 1 млрд 300 млннан асады. Сондықтан іргелес, шекаралас мұндай алып көршімен тіл табысып, тиімді саясат жүргізбесе, текетіресіп жеңе алмаймыз. Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин осымен 19 рет кездесіп отыр.

Бұл кездесу бұрынғы кездесулерден ерекше. Бұрын мемлекет басшысы ретінде келетін Нұрсұлтан Назарбаев бұл жолы Қытайдың төріне Қазақстанның тұңғыш президенті, мәртебелі мейман болып келді. Бірақ көршілердің құрметі, ықыласы бұрынғыдан да ыстық. Біздің елбасына Қытай халық Республикасының ең жоғарғы наградасы "Достық" орденін табыстады.

“Бұл награда Қытаймен жан жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға берген баға деп есептеймін. Солай қабылдаймын", — дейді Назарбаев. 

Елбасымен бірге Бейжіңге біздің біраз шен-шекпенділерде барыпты. Әдеттегідей ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Ахметжан Есімов, сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов бар, көптен көрінбей кеткен Әсет Исекешев те келіпті. Үкіметтің атынан құшақ-құшақ құжаттарын арқалап вице-премьер Жеңіс Қасымбек те жетіпті. Оның сөзінше, бірқатар екіжақты келісімдерге қол қойылған.

“Ұн мен ет бойынша келісімге келдік. Сертификация туралы келісім. Енді Қазақстанның бизнесмендері осы тауарлармен қытай нарығына еркін қол жететін болады. Бұрын әр түрлі кедендік кедергілер болса, енді ондай кедергі болмайды. Жазда сүт бойынша осындай келісімге келеміз деп жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін май бойынша", — дейді премьер-министрдің орынбасары Жеңіс Қасымбек. 

Иә, олар біздің ауыл шаруашылығы өнімдеріне қатты қызығып отыр. Ал Қытайдан Қазақстанға не келетінін кез келген отандасымыз біледі. Киім-кешек, тұрмыстық техниканы айтпағанда, етке тойғананнан кейін тіс шұқитынды, скочты, той-томалақтағы қоржынға салатын ұсақ түйекті де, бәрін осы көршілерден тасимыз. Өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 12 млрд долларға жуықтаған.

“Мен 1992 жылы дипломатиялық қатынас орнатылған алғашқы күндерден бастап тәуелсіз Қазақстанның Қытай елімен ынтымақтастықты нығайту үшін жұмыс жүргізіп келе жатқанымды айта кеткім келеді. Ол кезде екі арада ешқандай қатынас жоқ еді. Қытай мен Кеңес Одағы жақсы болған жоқ. Бүгінде өзара сенімге негізделген тату көрші ретінде ара қатынастың қалыптасқанына қуаныштымыз”, — дейді елбасы.


Қазір қазақ қытай арасында бірлескен 55 жоба бар. Ол әр түрлі салада. Си Цзиньпин билікке белгілі, яғни 2012 жылдан бері елбасы мен Қытай төрағасы 19-рет кездесіп отыр.

"Бір белдеу, бір жол" екінші ынтымастастық форумынан кейін келесі күні, жексенбіде де қазақстандық делегацияның ел астанасы Бейжіңдегі сапары жалғасты. Қытай басшылығымен ғана емес, осы елдің мәдени саладағы майталмандарымен кездесті елбасы. Әйгілі актер Джеки Чан бізге келіп кино түсірмек ойы бар екенін айтып қалды.

“Мен 2017-де, Экспо болған жылы Қазақстанға барғанмын. Ерекше әсер алдым. Сол сапарымнан келгелі бері қазақ пен қытайдың мәдениетін байланыстыратын қандай істі қолға алсам деп ойланып жүрдім. Болашақта екі елге ортақ бір кино түсіруді жоспарлап отырмын”, — дейді актер.

Қазақ-қытай қарым қатынасының нәтижесін тек осы екі ел емес, алты құрлықтағы 150 мемлекет игілігін көріп отыр. Оған Бейжіңде өткен "Бір белдеу, бір жол" халықаралық форумы дәлел. Бұрынғы Жібек жолының ізін жаңғыртуды көздеген "Бір белдеу, бір жол" жобасы осыдан алты жыл бұрын бірінші рет Қазақстанның астанасында айтылды. Сөз күйінде қалмай іске асырылды. Сондықтан болар, халықаралық форумда да Қытай басшысы жиынға келген 150 елдің өкілі мен 40 мемлекет басшысының арасынан Нұрсұлтан Назарбаевты төрге отырғызып, ерекше құрмет көрсетті.