Дзюдо Федерациясының басшысы ауысты
|
Қазақ дзюдосы қайта құруды бастан кешті. Үш жыл көлемінде осы саланы басқарып келген белгілі спорт қайраткері Бекет Махмутов енді дзюдоға іскер азаматтарды тартуды жөн санапты.
Осы уақытқа дейін жемісті еңбек етіп келген федерация басшысы орнына Кеңес Рақышевты ұсынып, өзі ақылдастар кеңесін басқаратын болды. Кезектен тыс бас қосуға жиналған делегаттар бұл ұсынысты бір ауыздан қабылдады. Тізгінді жас буынға берген Бекет Махмутов қазірде халықаралық дзюдо қауымдастығында айтарлықтай беделге ие. Ол сондай-ақ Азия қауымдастығының вице-президенті болып қала бермек. Сайлаудан кейін сөз алған Кеңес Рақышев Бекет Махмутовтың атқарған еңбегін жоғары бағалап, алғысын білдірді. Федерацияның жаңа басшысы бұл қызметке жақын аралықта тағайындалғандықтан нақты жоспарлар айтылмады. Десе де Олимпиада ойындарында жоғары жетістікке жету басты мақсат екендігібелгілі.
Бекет Махмұтов, Дзюдодан Азия қауымдастығының вице-президенті:
- Мен Кеңесті кішкентайынан білем. Ол сол кезден бастап спортпен айналысқан. Қазіргі күнге дейін бұл азамат спортқа жат емес. Сондықтан бұл қызметті Кеңес абыроймен атқарады деп ойлаймын.
Кәсіпқой теннисшілердің рейтинг кестесінде көш бастап тұрған серб Новак Джокович, Лондонда жалауын түсірген жылдың қорытынды додасында топ жарды. Әлемнің үздік теннисшісі турнирдің ақтық сынында өзімен үнемі үзеңгі қағысып жүретін швейцариялық қарсыласы Роджер Федерерден басым түсті.
Біздің уақыт бойынша дүйсенбіден сейсенбіге қараған түні Лондонда өткен финалдық бәсеке атына заты сай болып шықты. 2012 жылдың үздік теннисшісін анықтаған бұл ойын 2 сағат 14 минут дегенде мәресіне жетті. Қорытынды жарыстардың алты дүркін чемпионы Роджер Федерер қанша тырысып баққанымен бұл жолы жеңіске қол жеткізе алмады. Нәтижесінде тартысқа толы матч 7:6, 7:5 есебімен әлемнің бірінші ракеткасы Новак Джоковичтің пайдасына шешілді. Биылғы өзара кездесудің нәтижесі де сербиялық теннисшінің мықтылығын көрсеткендей. Ол осы маусымдағы бес матчтың үшеуінде жеңіске жеткен.
Футболдан Аргентинаның ішкі біріншілігінде 14-турдың нәтижелері белгілі болды. Осы күнге дейін турнир кестесінде көш бастап келген «Олл Бойз» сырт алаңда ірі есеппен « Сан-Лоренцодан» ұтылып қалды. Есеп 4:0. «Олл Бойздың» сүрінгенін епті пайдаланған «Велес Сарсфилд» әзірге көш тізгінін қолға алды. Олар өз алаңында 2:1 есебімен «Годой Крусты» қапы қалдырды.
Кездесудің 15 минутында оң қапталдан басталған комбинацияны нәтижелі соққымен түйіндеген Кастро «Велес Сарсфилдтің» жанкүйерлерін бір шулатып тастады. Көп ұзамай алаң иелері ұйымдастырған қарсы шабуылдан кейін қақпашымен бірге-бір шыққан Феррейра таразы басын теңестірді. Таблодағы осы нәтиже көпке дейін өзгеріске ұшырай қойған жоқ. Тек кездесудің соңына жақын, екінші рет мергендік танытқан Феррейра «Велес Сарсфилдті» көш басына алып шыққан доптың авторы атанды. Осы турда «Ланус» 4:1 есебімен «Тигрені» ойсыратса, «Ривер Плэит» өз алаңында «Унионнан» алда болды. Мұндағы есеп 2:0.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін