Мұғалім мен медиктің ставкасы қандай? Пара бермесең неге жұмысқа тұра алмайсың? Бұл күнде оңтүстік халқын осындай сауалдар мазалайды. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің «пара беріп қызметке тұру — цифрландыру жүйесі енгелі құрдымға кетті» дегенімен жұрт келіспейді. Олар тіпті әр мамандықтың ставкасын да жатқа біледі екен. Оңтүстікте қызметке тұру құны қанша?
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бақтияр Әбдірахманов мектепте от жағушы болып істеген екен. 60 мың теңге жалақысы Атаулы әлеуметтік көмек алуға кедергі болады деп, сәуір айында жұмыстан кетіпті. Алайда жәрдемақы тағайындалмаған. Енді жұмысына қайта кіре алмай жүр.
Бақтияр Әбдірахманов, облыс тұрғыны:
"Ақша сұрайды ғой бұлар, ақша сұрап жатыр. Ақша сұрамаса бекерден бекер ондай болмайды ғой. Өздерінің ставкасы бар екен. Бірақ, оны айтпайды".
Түркістандық Индира Отынбаеваның мамандығы — заңгер. Декреттік демалысқа шықпай тұрып, жұмыс іздеген екен. Балаға төленетін жәрдемақым жоғары болар деген үмітпен. Қызметке тұру ақысының сомасын естігенде жарқ еткен үміті жалп еткен.
Индира Отынбаева, Түркістан қаласының тұрғыны:
"Оған ақша сұрайды акимат, 500-600 мың керек. Одан өзім квартирада тұрамын , оны тауып бере алмаймын . Жұмысқа шықпаймын, бала-шағама қарап отырамын".
Талай жылдан бері етек жайған теріс үрдіспен шенділер қолдан келгенше күресіп жатырмыз дейді. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев "ақша беріп жұмысқа тұру деген сұмдықты цифрландырудың арқасында түп- тамырымен жойдық деп" астанада ағынан жарылған еді.
Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:
"Мектеп мұғалімі, тіпті еден жуушы болып кіру үшін пара беру керек екен деген алып-қашпа әңгімелердің болғаны рас. Алайда, ол қазір мүлде жойылды деп мәлімдей аламын. Былтырдан бері барлық бюджеттік мекемелерге орналасу арнайы портал арқылы жүргізіледі. Сондықтан жұмысқа ақша беріп тұру деген бос сөз".
Бос сөз ба, жоқ па, оңтүстік тұрғындарынан сұрап-білдік…
"Неғып честно айтпайсыңдар а? Бір адам айтқанға олар себейді ғой , общий айту керек қой".
Мырзайым Есілбаева ЕСІЛБАЕВА, Облыс тұрғыны:
"Ол мүмікін емес, тегін жұмысқа кіретін болса астанда баларымыз қаңғып жүрмес еді, бала-шағасымен сол жаққа қаңғып кеткен. Жалғыз өзім тұрамын".
Сейдакбар Жүнісбеков, Облыс тұрғыны:
— Балам қолымда,
— Жұмыс істемей ме?
— Істейді.
-Тегін тұрғыздыңыз ба?
-Аха тегін, 100 мың беріп кіргіздім.
— Балаңыз темір жолға кірді дедіңіз ғой.
-Алты жыл бұрын. Қазір екі миллионнан асып кеткен шығар.
Ол ол ма, тұрғындар тіпті әр мамандықтың өңірдегі таксаларын да жайып салды.
Гүлмира Шикібаева, облыс тұрғыны:
"Тарифтердің ставкасы дейсіз бе? Пол жуатын — 300 мың, мұғалім — 1 миллион, охрана -1 миллион, жол бойына — 1,5, ол да жұмыс біте ме, сразу шығарып тастайды. Қаншама жастар отыр, дипломын құшақтап уйлерінде отыр. +02,04,14 Пара беру бар жерде бар. Бізде өршіп кеткен".
Жұмысқа тегін тұрғызатын порталды іздеп Түркістан қалалық еңбекпен қамту орталығына бардық.
Нұртүлеген Ибраев, Түркістан қаласы жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары:
"Бізге келіп сұраныс береді, біз сол сұранысқа байланысты жолдама береміз, кезекке тұрған адамдарға очередьпен береміз".
200 мың халқы бар Түркістанда порталдың арқасында тегін жұмысқа тұрғандардың саны екі жылда екі мың ғана. Бұл жалпы жұрттың жүзден бірі деген сөз. Оған іргедегі 80 мың халқы бар Кентауды қосыңыз. "Бюджеттік мекемелерден ұсыныс түспейтін порталдан не қайыр, не қызық" дегендер амалмсыздан парасын сайлап, пайда іздегендерді жағалауға мәжбүр.