«Эйр Астананы» Катар әуе компаниясы сатып алуы мүмкін - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+10 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Эйр Астананы» Катар әуе компаниясы сатып алуы мүмкін

«Эйр Астананы» Катар әуе компаниясы сатып алуы мүмкін

Жекенің қолына өтетін нысандар тізімінде «Эйр Астана» да бар деген ақпарат тарады.

  • 10 Желтоқсан 2015
  • 404
Фото - Caravan.kz

Тіпті ақпарат құралдары оны катарлық компания сатып алуы мүмкін деп жорамалдады. Бірақ Qatar Airways компаниясының Мәскеудегі өкілдігі бұл жаңалықтан хабарсыз болып шықты.

Ал «Эйр Астана» жекеге өтіп кетеміз бе деп шыр-пыр деп хабарлайды Астана арнасы.

«Эйр Астана» ұлттық тасымалдаушы мәртебесінен айырылып, халықаралық рейстерге шыға алмай қалуы ықтимал. Компания өкілдері осылай деп отыр. Олар мемлекет өз үлесінің 51 пайыз бақылау пакетін шетелдіктерге сатуға қарсы. «Эйр Астана» басына төнген қара бұлт сейілер емес. Жан дегендегі жалғыз ұлттық тасымалдаушымыз бір-ақ күннің ішінде жетімнің күйін кешіп қалды. Шетелдіктердің қолына сатылып кету қаупі төнгендіктен, шырылдап үкіметтен араша сұрады.

“Біз үкіметтен біздің өтінішімізді естіп, қазіргі акционеріміз «Самұрық-Қазынаға» 51 пайыз акциясымен қалдырса екен деп сұраймыз. Біз мемлекетке пайда әкеліп тұрған компаниямыз. 14 жыл ішінде «Эйр Астана» мемлекет қазынасына алғашында салынған ақшадан 40 есе көп пайда әкелді. Салық және міндетті төлемдер ретінде бюджеттің бүйірін 350 млн долларға толтырдық”, – дейді «Эйр Астана» АҚ корпоративтік коммуникациялар бойынша вице-президенті Белла Тормышева.

Кейбір ақпарат құралдарында «Эйр Астананы» Qatar Airways катарлық әуе компаниясы сатып алғалы жатыр деген мәлімет тарап үлгерді. Бірақ ұлттық тасымалдаушы мұны сыбыс деді. Дегенмен, катарлықтардың бағыты бізге мүлдем жат дегенді айтты.

“Біз сыбыстарға қатысты түсініктеме бермейміз. Бірақ катарлық компанияның жүйесі «Эйр Астананың» құндылықтарына мүлдем қайшы дей аламын. Олар өз мемлекеттерінен бөлінетін қаржыға ғана өмір сүріп отыр. Катарадың сатып алуы маңызды да емес. Катар сатып ала ма, басқа біреу ала ма – ұлттық тасымалдаушы автоматты түрде өзінің мәртебесін жоғалтады. Сол шетелдік компанияның бір бөлімшесіне айналады. Тек транзиттік тасымалдаушы боламыз”, – дейді Белла Тормышева.

Ал катарлық әуе компанияларының бас кеңсесіне хабарласу мүмкін болмады. Мәскеудегі өкілдігінің «Эйр Астананы» сатып алуға қатысты хабары жоқ болып шықты.


«Эйр Астанаға» шетелдік компанияға сатылып кету қаупі «Мемлекеттік сатып алулар» туралы заң жобасына енгізілген өзгерістер қабылданғаннан кейін туындады. Күшіне енген заңның жаңа ережелері шетелдік инвесторларға отандық әуе компаниялары акцияларының бақылау пакетін сатып алуға мүмкіндік береді. Сенаторлар заң жобасын қараған кезде бір ғана депутат отандық әуе тасымалдаушысының тағдырына алаңдаған еді.

“Ұлттық тасымалдаушы – стратегиялық маңызы бар нысан. Яғни шетелдік компанияның иелігіне өткен ұлттық компания ішкі нарықтан шығарылуы керек. Ішкі тасымалмен ұшуға болмайды оларға. Ал егер әуе кемелері ұлттық компаниялардың иелігінде болса, біз оларды керек болғанда, мемлекетті қорғау мақсатында төтенше жағдайларда қолдана алар едік”, – деген еді парламент сенатының депутаты Сергей Громов.

Бұған дейін шетелдік инвесторлар мемлекеттік әуе компанияларының 49 пайыз акциясына иелік етуге құқылы болса, қазір бұл шектеу алынып қалды. Дегенмен, ИКАО халықаралық азаматтық авиация ұйымы шетелдіктерге ұлттық әуе компанияларының 49 пайыз акциясынан артық акциясына иелік етуге кеңес бермейді. Қазақстанға 2010 жылдан бері осы талап енгізілді. Енді халықаралық ұйымның талаптары бұзылып отырған соң, «Эйр Астана» шетелге ұша алмай қалуы мүмкін. Осы мәселе бойынша мәжіліс депутаттарын сөзге тартқанда:

“Біз компанияны тиімді сатсақ, бюджетке түсім келеді, яғни бізге тиімді болады. Бірақ қаншалықты сату керек, соған қараған жөн. Егер бюджетті толтыра түссе, неге сатпасқа? Ашық ел болғымыз келсе, түрлі компанияларымызды әр түрлі қолдарға беруіміз керек. Біз шетелдік пе, шетелдік емес пе деп, бөлмейміз, бастысы, мемлекетке пайда түссе болғаны”, – дейді парламент мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі Мейрам Бегентаев.

«Эйр-Астана» өкілдері ұлттық тасымалдаушыны сатқаннан мемлекет көк тиын пайда көрмейді дегенді айтты. Өйткені әр шетелдіктің өз елінің күйін күйттейтіні анық. Ал жалғыз ұлттық тасымалдаушы «Эйр Астананың» бар үміті үкіметте.

Соңғы жаңалықтар