Жарияланды: 570

"Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның кредиторлық берешегі 55-60 млн. долларды құрайды

"Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның қазіргі кредиторлық берешегі 55-60 млн. долларды құрайды. Бұл туралы бүгін, 13-ақпанда "Эйр Қазақстан" ЖАҚ қызметкерлерінің жиынынан кейін БАҚ өкілдеріне арнап өткізілген қысқаша баспасөз мәслихатында ҚР азаматтық авиация комитетінің төрағасы Алмасбек Мәмбетов мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

А.Мәмбетовтың айтуынша, "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның берешегі туралы баян 1999-жылдан бастау алады. "Ол кезде әуе компаниясы басшылығының теріс саясаты салдарынан қаржылық лизинг жолымен 102 млн. долларға алынған екі Бойнг-737 және екі бірдей А-310 аэробусы әуе компаниясын қарызға белшеден батырған". А.Мәмбетовтың айтуынша, берешек содан бері мүлдем азайған жоқ. "Республика үкіметі ахуалды өзгертуге екі мәрте қадам жасады. Алғаш рет 2001-жылы ҚР үкіметі екі аэробусты сатып алуы нәтижесінде "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның 4,5 млн. доллар көлеміндегі қарызы өтелді. Ал 2002-жылы үкімет Қазкоммерцбанкке берешегі үшін "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның акцияларын 15 млн. долларға сатып алды. Нәтижесінде Қазкоммерцбанк әуе компаниясының 20 млн. доллар шамасындағы қарызына кешірім беріп, басқа да кредиторлық берешектерді өтеу ұзақ мерзімге кейінге шегерілді",- деді А.Мәмбетов. А.Мәмбетовтың пікірінше, қазіргі жағдаймен "әуе компаниясының банкроттыққа ұшырағаны туралы әңгіме қозғау ерте. Өйткені, компанияның банкроттыққа ұшырау дерегін сот анықтауы тиіс. Оның үстіне "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның барлық ұшу бағыттары ерікті түрде басқа әуе компанияларына берілді, бұл туралы барлық құжаттарға әуе компаниясының президенті Еркін Қалиевтің өзі қол қойған". А.Мәмбетовтың айтуынша, "компанияда қазір қалыптасып отырған күрделі жағдайдан шығу үшін "Эйр Қазақстан" ЖАҚ несие сұраған. Алайда, осынау несиеге арнап жасаған бизнес-жоспардың жалпы кері сальдосы 16 млн. долларға тең. Мұндай несиеге кепілдік беруге мемлекет те, басқалар да бұл жолы келіскен жоқ". А.Мәмбетовтың айтуынша, "соңғы екі жылда әуе компаниясы өз несиелерін өз бетімен қайтарып келді. Бірақ бұдан ешбір ілгерілеушілік байқалған жоқ. Компанияның берешектері сол баяғы мөлшерде қалып отыр". "2003-жылы Қазақстанда "Эйр Астана" атты жаңа әуе компаниясы құрылып, осынау екпінді рынокты өз бетімен жаулап алды. Соған сәйкес, "Эйр Қазақстан" әуе компаниясының басшылығы да қалыптасқан ахуалды бірден сезініп, нарықтан өз орнын ойып алуға талпынуы тиіс еді. Бірақ мұндай қадам мүлдем жасалған жоқ",- деді А.Мәмбетов. "Эйр Қазақстан" ЖАҚ-ның үкіметке қарасты акциялары толық көлемде сатылатындығы туралы журналистер сұрағына жауап берген А.Мәмбетовтың мәлімдеуінше, "осыншама берешегі бар әуе компаниясын сату мүмкін емес. Егерде әуе компаниясының активтері болса, мәселе мүлдем басқаша болар еді. Өкінішке орай, компанияның балансындағы техникалар тым ескірген. Екі бірдей А-310 аэробусының да қызмет ету мерзімі аяқталды. Бұл көліктерді қалпына келтіру үшін 16-19 млн. доллар қажет". Қазақстанның авиация нарығындағы монополия туралы сөз қозғаған А.Мәмбетов Өзбекстанды мысалға келтірді. Оның айтуынша, "КСРО ыдырағаннан бері Өзбекстанның авиация нарығында монополия үстемдік құрып келеді. Бұдан ешбір сөкеттік көрінбейді. Өзбекстан әуе компаниясы мемлекеттің дотациясына күн көреді. Бірақ онда ел көлеміне қызмет көрсететін әуе компаниясы да біреу ғана. Қазақстан үшін де бастапқыда осындай амалды таңдау дұрыс еді. Бірақ біз одақ ыдырай сала авиация саласында нарықтық экономикаға ден қойып, 170 әуе компаниясы дүниеге келді. Қазір осындай ахуалды дұрыс жолға қойып, жөнге салатын мерзім жетті". А.Мәмбетовтың айтуынша, қазір Қазақстанда тұрақты жұмыс істеп отырған 3-4 әуе компаниясы бар. Тіпті "Эйр Қазақстан" ЖАҚ нарықтан ысырылды деген күннің өзінде негізгі тасымалдаушы "Эйр Астана" ЖАҚ мен "Скат", "Атырау әуе жолдары", "Саяхат" тәрізді чартерлік тасымалдаушылар бар.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін