Жарияланды: 630

Экофорум ҮЕҰ-нің сарапшылары атом сынағы өткізілген жерлерді халық шаруашылығына беруге қарсы

Семейдегі ядролық атом сынағы өткізілген жерлерді халықтың шаруашылықпен айналысуына беру туралы Ұлттық ядролық орталықтың шешімімен келіспейміз,

деді бүгін Алматыда «ИРИС» ядролық апаттан зардап шеккендерді қорғау жөніндегі Қоғамдық ұйымның төрайымы, Экофорум ҮЕҰ-нің сарапшысы Гүлсім Кәкімжанова. Оның айтуынша, Ұлттық ядролық орталық ел бюджеті есебінен сынақ өткен жерлерге тексеріс өткізген. Нәтижесінде Үкіметке жерді халықтың шаруашылықпен айналысуына беру жөнінде ұсыныс жасаған. «Ядролық сынақ өткен жерлер Павлодар, Қарағанды және Семей аймағына қарасты болып отыр. Біз осы өлкелерде болып, халықпен сөйлескенімізде олар жердің аса қажет еместігін, тек медициналық көмекті арттырса деген уәждерін айтты», -дейді Г.Кәкімжанова. «Ядролық сынақ өткен аймақты толықтай залалсыздандандырғаннан кейін ғана халық игілігіне беру жөніндегі келісім бар. Алайда бұл жерлерді залалсыздандыру жөнінде ешқандай жұмыстар атқарылған жоқ. Сондықтан оны шаруашылыққа пайдалануға беруге әлі ерте», -деп атап өтті өз сөзінде «Әлеуметтік экологиялық Қор» Қоғамдық қордың төрайымы Қайша Атаханова. Радиация саласында 44 жыл еңбек етіп, түрлі зертханаларда қызмет еткен Лариса Птицкая бұл аймақтарда улы қалдықтардың мөлшері өте көп екендігін айтады. «Кеңес үкіметі тұсында сынақ жөніндегі мәліметтер құпия сақталатын. Негізінен халыққа ресми түрде 456 атомдық зымыран пайдаланылды деген мәлімет берілді. Алайда оның саны 607-ні құраған еді. Оның ішінде 85 гидроядролық сынақ өткізілді. Сондай-ақ онда 290 келіге жуық плутон пайдаланылды. Сондықтан мұндай сынақ өткен жерді толықтай залалсыздандыру үшін 240 мың жыл керек», -дейді Л.Птицкая.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін