Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, мониторинг нәтижелері бойынша қаланың ластану деңгейі жоғары деп сипатталады. Ауа құрамындағы қалқымалы бөлшектердің (шаң) жоғары болуы күшті жел салдарынан шаң пайда болуынан туындап отыр.
Дегенмен, өңір бойынша ауаның төтенше жоғары ластану деңгейі тіркелмеген.
Осы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша еліміздегі 900 мың тонна ластаушы заттардың 70 мың тоннасы осы облысқа тиесілі. Бұл осы кезеңмен салыстырғанда (53,3 мың тонна) 31,1 процентке жоғары.
"Ауаға ластаушы заттардың шығуы өсуіне көмірсутегі шикізатының жаңа кен орындарын игеру және жұмыс істеп тұрған кен орындарында мұнай мен газ өндірудің артуы себеп болып отыр", — деді экологтар.
Қошқар-Ата қалдық қоймасындағы радиоактивті қалдықтар, ұзақ жылдар бойы жинақталған мұнай қалдықтары, иесіз жатқан химиялық қалдықтарды кәдеге жарату, карьерлерден шығатын шаң және қалдықтарды басқару жүйесінің жетілдірілмеу өңірдегі негізгі экологиялық мәселелер болып табылады.
Жергілікті порталдың хабарлауынша, көп уақыттан бері жұртшылықты алаңдатып келген "Қошқар-Ата" қалдық қоймасындағы радиоактивтік қалдықтарды қалпына келтіру мәселесі де оң шешімін тауып жатыр. 2021-2022 жылдары 530 гектар қалпына келтірілді. Бұған екі жылда 4,0 миллиард теңге бөлінді. 2023 жылға 2,6 миллиард теңге бөлінді. Жалпы бұл жұмыстар 2025 жылы аяқталады.
Жаңаөзен маңындағы жалпы көлемі 992 гектарды құрайтын иесіз мұнай қалдықтары мәселесі де шешіліп жатыр. Қазірдің өзінде 620 гектар жер тазаланды. Жұмыстарды 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр.
"Сонымен қатар, Шетпе ауылы маңындағы карьерлердің жұмысы да алаңдатып отыр. Қиыршық тасты тасымалдау, ұсақтау, жарылыс жұмыстары кезінде шығатын шаң-тозаң ауаны ластайды. Кәсіпорындарды (13 субъекті) экологиялық тексеру нәтижелері бойынша төрт нысанның қызметі тоқтатылды. Сейсмикалық қауіпсіздік пен жел бағытын ескере отырып, шаңнан тазарту қондырғыларын жабдықтау, жарылыс жұмыстарын жүргізу бойынша нұсқаулықтар берілді", — деп жазылған материалда.
Облыс әкімдігіне Шетпе ауылы төңірегінде жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар (лицензиялар) жасасуды шектеу және жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, жабыны қатты карьерішілік жолдардың құрылысын қамтамасыз ету ұсынылды.