Жарияланды: 410

Экологтар «Көкжайлау» тау-шаңғы курортын салуға тағы қарсылық танытты

Қазақстандық «Куршавель» бізге қажет емес! Бүгін экологтар кезекті рет «Көкжайлау» тау-шаңғы курортын салуға қарсылығын танытты. Жоба негіздемесі бойынша өткен қоғамдық тыңдауда сонымен қатар қыруар қаржының тиімсіз жұмсалып, табиғатқа залал келтірілетіні айтылды. Бірақ соған қарамастан, шенділер Алатау бөктерінде алып спорт кешенінің құрылысын бастауды көздеп отыр.

Көкжайлаудың көк шалғынын шаңғымен сырғанауға ауыстыруды көздеген шенділер қоғамдық тыңдауда да өз бетінен қайтпады. Жоба мақұлданып, қаржы бөлінген соң қайткенде де оны іске асыруға бел буған. 4200 метр биіктіктегі Үлкен Алматы көлінен бастау алатын сырғанау жолының жалпы қашықтығы 63 шақырымды құрайды. Одан бөлек арқан жолы, қонақүйлер мен мейрамханалар да тұрғызылмақ.

Бақытжан Жоламанов, Алматы қаласы туризм басқармасының бастығы:

- Біз ол жерге зауыт салайын деп жатқан жоқпыз, демалып жатқан адамдар қазір де демалып жатыр. Шаңғышылар мен демалушылар қазір де бар. Біз тек жақсылап, дұрыстаймыз. Тропинка жасаймыз, кішкене үйлер болады, демалатын жерде қонақүй болады. Шаңғышылар үшін көбірек трасса саламыз, болды. Машинаны көбейту ешкімнің ойында да жоқ, барлығы электрлі болады.

2 млрд 800 млн долларға бағаланған бұл нысанға қазірдің өзінде 400 млн бөлініпті. Нәтижесінде жыл сайын 1 миллионға жуық демалушыны қабылдап, алдағы 20 жылда ол өзін-өзі ақтайды деп сендіруде қала басшылығы. Бірақ сарапшы мамандар шетелдік туристер инфрақұрылымы нашар, бағасы қымбат, сапасы төмен демалысқа қызығуы екіталай деп отыр.

Павел Коктышев, Экономикалық саясат және даму интитутының атқарушы директоры:

- Шығынды шамадан тыс қажет ететіндіктен бұл жоба өз-өзін ақтай алмайды. Қызмет құны да қымбат болатыны сөзсіз. Жобалап отырған туристер санын қамту да мүмкін емес. Себебі шаңғыны сүйетіндер саны елімізде кемде-кем.

Экологтар да дабыл қағып, дауыл мен Іле-Алатау паркіндегі соңғы алапат өрттің салдарын қалпына келтірместен, тағы 27 га жасыл-желектің оталуы мен өзен арналарының бұрылуына қарсы.

Мэлс Елеусізов, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы:

- Бұл жерге салуға болмайды. Мүмкіншілік те жоқ. Зорлық, нағыз зорлық. Суы жоқ, құбыр салу керек, көп ағаштарды қырқу керек, трасса салуға мүмкіншілік жоқ. Альтернативный проект бердік, оны бірақ қарамайды. Қараңдар, шешімді сосын қабылдайсындар дедік.

Айтылған қарсылықтарға қарамастан таудағы кешен құрылысынан бас тартатын шенділер жоқ сияқты. Олар келесі қоғамдық тыңдаудан соң құрылыс материалдарының шығынын есептеуге кіріспек. Ал 2014 жылдың басында Алатау баурайындағы гектарлаған мына жасыл желек орны құрылыс алаңына айналады. Осылайша табиғатқа залал келтіріп, туризммен табыс табамыз деген шенділер «Көкжайлау» кешенінің құрылысын 2016 жылы аяқтауды көздеп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін