Жарияланды: 710

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Жасқайрат Сүндетұлы - 70 жаста

Астана төрінде экономика ғылымдарының докторы, профессор Жасқайрат Сүндетұлының 70 жасқа толған мерейтойы аталып өтті.

Ол - экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Жоғарғы оқу орындарының үздік оқытушысы-2009» грантының иегері, Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданының құрметті азаматы. Жасқайрат Сүндетұлының ғылыми жетекшелігімен экономика саласында 1 ғылым докторы, 5 кандидат мен 12 магистр диссертациялар қорғады. Ол 2002-2007 жылдары Парламент Мәжілісінің ғылыми-сараптама кеңесінің және жұмыс тобының мүшесі ретінде оңдаған заңдардың жобаларын дайындауға қатысты. ҚР Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының президенті, «Ауыл» Қазақстан социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев өмір жолында жеті белесті бағындырған Ж.Сүндетұлының ғылым жолындағы жетістіктерін жоғары бағалады. Оның адамгершілік, азаматтық қасиеттері туралы сыр бөлісті. Ауыл шаруашылығы ғылымының дамуына үлес қосып келе жатқан мерейтой иесінің иығына шапан жапты. Батыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, қазіргі Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері Қабиболла Жақыпов, ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылымының депутаты, қоғам қайраткері Равил Шырдабаев ғалымның аймақтарды дамытуға қосқан үлесі туралы пікір білдірді. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Көпмағамбет Елемесов, экономика ғылымдарының докторы, академик, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің ректоры Ғабдығапар Сейітқасымовтар алқалы топ алдында мерейтой иесінің елімізге сіңірген еңбегі туралы айта келіп, өз тілектерін жеткізді. Батыс Қазақстан облысынан келген сыйлас достарын мектепте бірге оқыған жолдасы, Жайық өңірінде бірқатар жауапты қызметтер атқарған Тасболат Мұқашев бастап келді. Жасқайрат Сүндетұлы зайыбы Балайым апа екеуі дүниеге әкелген қос ұл мен екі қыз жеке-жеке шаңырақ көтерді. Олар да әке салған жолды жалғастырып, ғылым мен білім саласында еңбек етіп жүр. Бүгінгі таңда ұлағатты немерелер өсіп келеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін