Бұл жайында Астана қалалық Ішкі істер департаментінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ағымдағы жылдың 20 маусым күні сағат 11-де «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аумағының бақылау-өткізу бекетіне кіреберісте полиэтилен пакет табылды, ішінде 5 дана патрон болды. Елордалық полициейлер бейнебақылау жүйесінің көмегімен қысқа ғана уақыттың ішінде оқ-дәрі кімге тиесілі екендігін анықтап, күдіктіні ұстады. Ол Қарағанды облысының 22 жастағы азаматы болып шықты», — делінген Астана қалалық ІІД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сараптама қорытындысына сәйкес, оқ-дәрі зауыттық әдіспен жасалған және иір ойықты аңшы мылтығымен атуға арналған.
Тергеу амалдары басталды. Ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция ақпаратына сәйкес, көрме нысандарында 2 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған және олар Астана қалалық ІІД-нің жедел басқару орталығымен байланыстырылған.