ЭКСПО-ға келгендер жаңа үрдіс енгізіп үлгерді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
ЭКСПО-ға келгендер жаңа үрдіс енгізіп үлгерді

ЭКСПО-ға келгендер жаңа үрдіс енгізіп үлгерді

Астанада өтіп жатқан ЭКСПО -2017 халықаралық көрмесін тамашалауға келген қазақстандықтар мен қонақтар ерекше үрдіс қалыптастырып үлгеріпті. «Нұр Әлем» павильонына саяхат жасауға келгендерге алып шардың ішінде тамақ ішіп, жатып демалуға рұқсат жоқ. Дегенмен биіктігі 100 метр, 8 қабатты нысанда тыйым-ескертулерді елемейтіндер жеткілікті.

  • 14 Шiлде 2017
  • 450
Фото - Caravan.kz

«Нұр Әлем» павильонына кіргенде бірінші қабатта отандық ғалымдардың еңбектеріне саяхат жасап, көңіл марқаяды. Минералдық шикізатты және техногендік қалдықтарды қалдықсыз өңдеуге арналған энергия үнемдеуші балқыту реакторы, Күн сәулесін шоғырландырушы автономды гибридті қондырғы секілді болашақта энергияның балама түрлеріне ынты-шынтымен көз тіккен оқушылар көп. Әсіресе, Токамак термоядролық реакторын ғалымдар келешекте уран мен көміртекті отынды алмастыратын энергияның қайнар көзіне теңейді.

Әрине, ұлттық павильонның бірінші қабатында бұдан өзге тағамын жайып қойып, таңертеңгілік асын асықпай ішіп отырған қарияларды, қыз-келіншектерді айналып өту мүмкін емес. Ал ЭКСПО павильондардың ішінде де, сыртында да аяқты созып, алаңсыз демалушыларды көргенде қобалжисың.

«Нұр Әлем» павильонының директоры Анастасия Адамның айтуынша, күн сайын 10-15 мың кісіге дейін, кейде 20-25 мың саяхатшы келетінін айтады. Әрине тамақ ішіп, жамбастап демалушылардың әрекетіне шараны ұйымдастырушылар көз жұмуға мәжбүр сияқты.

— Адамгершілік тұрғысынан алып қарасаңыз, келушілерді түсінуге болады. Көрмеге адам келді, сосын ол демалып отырып тамағын жеді. Яғни оның көңілі тоқ деген сөз. Көрсетіліп жатқан қызметіміздің келушілердің көңілдерінен шыққаны мақсатымыздың орындалғаны деп ойлаймын. «Горизонтқа шығу» деген экспонатымыз бар. Ол жерде Астанада нысандардың қалай салынғаны және болашағы жайында фильм көрсетіледі. Сол жерге кіргенде адамдар жатып көреді. Кейде ұйықтап қалады. Бастапқыда мұнымен қалай күресеміз деп көп ойландық. Ұйықтаған адамды оятып, мазалаған ыңғайсыз. Жақында бір әйел баласымен келіп, бұл жерді жатып тамашалау керек деді. Осындай бейресми ақпараттың салдарынан ЕХРО көрмесінде үрдіс қалыптасты. Бұл халықтың таңдауы. Тұрғындар көшеде емес, ғажайып экспонаттардың қасында дәм татып, әрі қарай серуендесін, мұның қанша уақытқа созылатынын білмеймін,- дейді Анастасия Адам.

Павильон кісіге лық толы . Олардың әр павильонға кіріп-шығуына , адасып қалса көмектесетін мамандардың қызметі біріздендірілгенін байқауға болады. 8-қабатта балалар 93 метр биіктікте орналасқан шыныдан құрастырылған көпірден өтуге құмар. Бойындағы қорқынышпен арпалысқан ересектерді кейде мамандар жетектеп өтуге мәжбүр екен.

-Көпірдің сапасын сынақтан өткізгенде үстінде бірнеше адам секіргенбіз. Брондалған машинаның әйнегі сияқты бірнеше шыны қабат-қабат жабыстырылып, оның беріктігі оқ өтпестей жасалған. Қазір көпірді балға, зілбалғамен ұрсаңыз да шытынамайды. Шыны көпірдің пайдасы адам бойындағы қорқынышты жеңуге көмектеседі. Ал қорқыныштың ол адамға мүлдем қажеті жоқ,- дейді «Staff Sembol» компаниясының қызметкері Алей Мұстапаев.


Осы қабатта Астананың өткен тарихы мен 2050 жылға дейінгі болашағына саяхат жасауға болады. Алып экраннан құрылыстың қарыштап дамуын бейнелейтен фильмді бір деммен көріп, 7-қабаттағы ғарыш әлеміне сүңгіп кетесіз. Айға саяхат жасап, жер серігін зерттеушілердің еңбектерін, ғарышкерлердің тағамдары да бар. 6 -қабаттағы алып күн келушілерге алғашқы адамдардан бастап, жерде де, көкте де, тіпті мұхиттің түбімен жүзіп, қазіргі заманғы қалалар мен өлкелердің тарихына саяхат жасайсыз. Бұған қоса, көрмеге қойылған күн қуатын жинайтын кеудеше, перде, банкілер электр жарығымен қамтамасыз ететін қасиетін көріп, бас шайқайсыз. Мәселен, мұндағы банкілердің ерекшелігі күндіз күннің энергиясын жинайды, түнде үйде жарқырап жанады.

 -Осыны Алла тағаланың көрсеткеніне ризамын. Бұл екінің қолынан келетін нәрсе емес. ТМД бойынша бірінші мәрте болып тұр,- деп көзіне жас алды Семей қаласының тұрғыны, зейнеткер Гүлжаһан Жұматаева. -Ұйымдастырушылардың еңбегі керемет. Еріктілерді кезекпен кіргізіп, мен сияқты ардагерлерді қосалқы есіктен өткізіп жібереді. Көрмеде ашуланып жүрген адамды көрмейсің. Ал енді осы күн қуатын жинап, жарық беретін мына кеудеше,банкілер, перделер дүкенде сатылғанда алып кететін едім. Өзім ғажайыптар әлемінде жүргендей болдым.

Айтпақшы, 6-қабатта күннен қуат алатын ағаш бар, ұялы телефон, ноутбукті зарядтауға болады. Әрі қарай жел, су және өсімдіктер, дәнді дақылдардан алынатын баламалы энергия, кинетикалық қуат әлеміне сапар шегесіз.

Алып шардың жанында орналасқан «Үздік тәжірибелер аймағында» үй өсімдіктерінен бөлінген қуат телефонды қуаттап, аяқпен жүрген сайын энергия жинайтын асфальт, табиғи энергия көздерін сақтайтын, үнемдейтін аспаптар мен қондырғыларды кәдеге жаратып отырған әлемнің үздік ғылыми жетістіктері қойылған. Мамандандырылған халықаралық көрме отандық ғалымдардың да үмітін үкілеп отыр.

Жазира Бегалы, журналист