Этникалық қазақтар көшіп келу квотасына қосу туралы өз елінде өтініш жасай алады - kaz.caravan.kz
  • $ 444.22
  • 476.38
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Этникалық қазақтар көшіп келу квотасына қосу туралы өз елінде өтініш жасай алады

Этникалық қазақтар көшіп келу квотасына қосу туралы өз елінде өтініш жасай алады

25 мамыр күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

  • 30 Мамыр 2011
  • 890
Фото - Caravan.kz

Заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат, жазушы Жарасбай Сүлейменов қоғамның осы бір күрделі саласы туралы және оны заңмен реттеу мәселелері жайлы ойларын ортаға салды.

— Жарасбай Қабдоллаұлы, көші-қон мәселесі әлемдегі барлық елді де алаңдатпай қоймайды десек, артық айтпағандық болар. Көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдірудің түп-төркініне тоқталып өтсеңіз?

— Тағдырдың тәлкегімен тарыдай шашырап, қуғын-сүргінді көп көрген, көші-қонның зардабын көп шеккен қонағын құдайдай сыйлаған, құшағы кең қазақ халқының қайырымдылыққа, бауырмалдыққа негізделген, жүрегіне жазылған өз заңы бар. Содан да халқымыз белгілі бір себептермен уақытша немесе тұрақты мекен ретінде біздің елді таңдағандарды ешқашан шет қақпаған. Кезінде Қазақстанға қуғын-сүргінмен келгендер аз болған жоқ. Мысалы, Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Қазақстанға кәрістер, еврейлер, орыстар, немістер жер аударылса, соғыс басталғаннан кейін олардың қатарына шешендер, ингуштер, басқа да кавказдықтар қосылды. Ал соғыс аяқталғаннан кейін тың игеруге, кеңестік өнеркәсіптің дамуына байланысты тағы да қыруар халық Қазақстанға ағылды. Солардың бәрі осы жерге бауыр басып кетті.

Өкінішке қарай, қазір белгілі болып отырғанындай, ХХ ғасырдың басындағы шаруаларды жоспарлы түрде Қазақстанға көшіру, Столыпиндік аграрлық реформалар қазақтардың өз жерлерінен ығыстырылып қана қоймай, тоналуына, аштыққа ұшырауына әкеліп соқтырды. Сөйтіп, көші-қон саласындағы солақай саясат халқымызға соққы болып тиді, қазақ ұлтының дербестігіне, ұлттық біртұтастығына және мемлекеттігіне, дініне, тілі мен діліне қауіп төндірді. Демек, нақ сол кезде Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Смағұл Сәдуақасұлы сынды Алаш ардақтыларының келімсектердің жерімізге есепсіз көп мөлшерде қоныстануы түбі жақсылыққа апармайтынын айтып дабыл қағуы орынды. Бұл елдің, ұрпақтың болашағын ойлағандық еді. Міне, осы тұрғыдан алғанда, тәуелсіз ел болғаннан кейін көші-қон саясатының еліміздің ұлттық қауіпсіздігінің басымдығы ретінде айқындалуын Елбасының көрегендігі деп бағалауымыз керек.

— Дегенмен қазір де арқаны кеңге салып отыруға болмайтын шығар?

— Иә, дұрыс айтасыз. Түрлі себептермен қоныс аударуға мәжбүрлік қазір де сақталып отыр. Осындай жағдайда экономикасы серпінді дамып отырған, жүзден астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстаннан пана іздеп, сая тапқысы келетіндер аз емес. Болжамдарға қарағанда, алдағы уақыттарда олардың саны көбеймесе, азаймайды. Міне, осының бәрі бізден көші-қон саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді талап етеді.

Жуырда мақұлданған заң жобасында көшіп-қонушылардың тең құқықтарын іске асыру, процедураларды жеңілдету және тездету, сондай-ақ олардың айқындығы мақсатында заң жобасында көшіп келушілердің келуін реттеу тетігін белгілеу көзделген.

Көші-қон процесінің мониторингі, болжау және жоспарлау мүмкіндігін кеңейту үшін заң жобасында көшіп-қонушылардың бірыңғай деректер банкін құру көзделеді.

Заң жобасында сондай-ақ заңсыз көші-қонның алдын алуға және көші-қон саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған нормалар бар.

— Еліміздегі көші-қон заңнамасының қалыптасуы туралы айтып өтсеңіз?

— Қазақстан Республикасының қолданыстағы көші-қон заңнамасы 1990 жылдардың басы мен ортасында қалыптаса бастады. Сол жылдары осы саладағы негізгі заңнамалық актілер қабылданды. 1991 жылғы желтоқсанда «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы» Заң, 1992 жылы «Көші-қон туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Сондай-ақ 1995 жылғы маусымда «Қазақстан Республикасындағы шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасының Президентінің Заң күші бар Жарлығы, 1996 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасының азаматтығына байланысты мәселелерді қарау тәртібі туралы» Жарлығы шықты.

Біздің елімізде көші-қон процесін реттеудің құқықтық базасы тиісінше қалыптасқан деуге толық негіз бар. Дегенмен, бұл орайда заман талабы әрдайым ескеріліп отырылуға тиіс.

Көші-қон процесін заңнамалық тұрғыдан реттеп отыру, әсіресе, бүгінгідей жаһандану заманында өте маңызды. Жоғарыда айтқанымдай, біздің елімізде бұл бағытта атқаралып жатқан істер аз емес. Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 28 тамыздағы Жарлығымен мақұлданған Қазақстан Республикасы Көші-қон саясатының 2007-2015 жылдарға арналған тұжырымдасын іске асыру мақсатында әзірленген «Халықтың көші-қоны туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобаларының дайындалып, Мәжілісте жан-жақты талқылаудан өтіп, екінші оқылымда мақұлдануы, міне, осының бір көрінісі болып табылады.

— Бұл заң жобасы бұрынғы заңнан несімен өзгерек?

— «Халықтың көші-қоны туралы» қолданыстағы Заң 1997 жылы қабылданған болатын. Содан бері едәуір уақыт өтті. Осы уақыт ішінде қоғам өмірінің барлық салалары айтарлықтар өзгерістерге ұшырады. Оның көші-қонға да тікелей қатысы бар. Мәселен, мәліметтерге қарағанда, соңғы бес жылда ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға байланысты Қазақстанға шет елдік жұмыс күшін тарту үш еседен астам өскен. Жыл сайын 300 мыңдай адамның ел ішінде көшіп-қонуы байқалып отыр. Демек, елімізде қалыптасқан ахуалды сақтай отырып, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту үшін осы процестерді реттеудің құқықтық негіздері жаңартылуға, заман ағымына сай көші-қонға қатысты заңнамалық база одан әрі жетілдірілуге тиісті. Біз қарап шыққан заң жобалары ең алдымен осы міндеттерді шешуге бағытталған.

Көші-қон ағымдарын мемлекеттік реттеу саласындағы заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру, елімізге тұрақты тұру үшін келген этникалық қазақтар мен олардың отбасы мүшелерін, сондай-ақ экономикалық және экологиялық қолайсыз аумақтарда тұратын Қазақстан азаматтарын ұтымды орналастыру және әлеуметтік қолдау, көші-қон процесінің теріс салдарларын азайту — заң жобасының негізгі мақсаты.

Заң жобасының қолданыстағы заңнан айырмашылықтары қандай, ол өмірімізге қандай жаңалық әкеледі, бұл саладағы қордаланған мәселелерді шешуге қалай ықпал етеді деген сұрақтарға келсек, шын мәнінде, өзгерістер өте көп. Дәл қазір олардың бәрін жіпке тізгендей айтып шығу мүмкін болмас, ал негізгі жаңалықтарының бірі — көші-қонға қатысты барлық мәселелерді бір заңның аясында реттеуге жасалған қадам. Және ол нәтижелі болды деуге негіз бар.

Жаңа заң актілерінде азаматтардың мүдделерін, құқықтары мен бостандықтарын, көші-қонның үйлесімдігін қамтамасыз етуге, кез келген мәртебедегі көшіп келушілерге қатысты зорлық-зомбылықтың, адам саудасының алдын алуға және жолын кесуге бағытталған, ішкі көші-қонды реттеуге, еліміздің халықаралық еңбек нарығына ойдағыдай кірігуіне, көші-қонға байланысты басқа мемлекеттермен ынтымақтастығын дамытуға жол ашатын нормалар да қарастырылды.

Көшіп-қонушылардың жекелеген санаттарының келуін ынталандыру және еліміздің экономикасына инвестицияларды тарту мақсатында заң жобасына тұңғыш рет шетелдік жұмыс күші шетелдік жұмысшылар, маусымдық шетелдік жұмысшылар мен бизнеспен айналысу мақсатында көшіп келушілер ұғымдары енгізілген.

Сондай-ақ заң жобасы алға қойылған мақсаттарға қарай тиісті квоталар белгілеуді көздейді.

— Әсіресе, қандастарымыздың атажұртына оралуына қандай заңдық негіздер қарастырылды?

— Үкіметтің қаулысымен бекітілген этникалық қазақтардың тарихи отанына оралу тұжырымдамасында атап көрсетілгеніндей, этникалық қазақтардың атамекеніне оралуының нақты тетіктерін жасау, оның ішінде оларды ұйымдасқан түрде көшіру және орналасқан жерінде өмір сүруіне жағдай туғызу — халық санын және оның табиғи өсуін ұлғайтуға, елдегі демографиялық ахуалды сауықтыруға жол ашатын көші-қон саясатының басым бағыттарының бірі.

Заң жобасында этникалық көшіп-қонушылардың тарихи Отанында кірігу жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар нормалар қарастырылған. Нақты айтсақ, этникалық қазақтар бұдан былай өздерін көшіп келу квотасына қосу туралы тұрып жатқан елінде өтініш жасай алады. Бұрын бұл норма болмайтын. Енді шет елде тұрып жатқан қазақтар сол елдегі біздің елшіліктер арқылы өтініш жасап, квотаға қосуға келісім алған жағдайда, олар келгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде оралман мәртебесін, он жұмыс күні ішінде тұрақты тұруға рұқсат және бір ай ішінде әлеуметтік қызметтер пакетін алады. Яғни, бір айдың ішінде квотасын алып, бүкіл мәселесін шешеді деген сөз.

— Депутаттардың ұсынысы бойынша тағы қандай игіліктер көзделді?

— Жоғарыда Заң жобаларының нормалары еліміздің ұлтттық сәйкестігі мен қауіпсіздігін сақтау және дамыту шеңберінде заңсыз көші-қонды барынша қысқарту және сараланған көші-қонды қалыптастыру жолымен көші-қон процестерінің келеңсіз салдарын азайтуды, көші-қон, ішкі және сыртқы көші-қон ағындарын мемлекеттік реттеу саласындағы заңнамалық базаны одан әрі жетілдіруді көздейтінін айттық. Осыған орай көші-қон мәселелері жөніндегі тиісті уәкілетті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тетігін белгілеу, сондай-ақ атқарушы билік органдарының жаупкершілігін арттыру, көші-қон түрлері мен көшіп-қонушылардың санаттарын, сондай-ақ оларды мемлекеттік реттеудің параметрлерін айқындау, жоғары инновациялық әлеуеті бар шетелдік мамандардың ағынын ынталандыру шаралары қарастырылды.

Заң жобаларында халықтың көші-қоны саласындағы өзге де қоғамдық қатынастар регламенттеледі. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» 2010 жылғы 17 тамыздағы Жарлығын іске асыру мақсатында Мемлекет басшысының шетелдік жұмыс күшін тартуды квоталау және оралмандардың көшіп келу квотасы бойынша келген оралмандар мен олардың отбасы мүшелеріне бір жолғы жәрдемақылар мен өтемақылар төлеу жөніндегі функцияларды қоспағанда, халықтың көші-қоны саласындағы, сондай-ақ босқындар мәселелері жөніндегі функцияларды Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне беруді көздейтін 2010 жылғы 22 қыркүйектегі Жарлыққа қол қоюына байланысты уәкілетті органның құзыреті елеулі түрде өзгертілді және кеңейтілді.

Оралман мәртебесін беруге, оралмандардың көшіп келу квотасына енгізуге өтініштер беру тәртібі туралы, жеңілдіктер, өтемақылар және оралмандарға өзге де әлеуметтік төлемдер туралы, ішкі көшіп-қонушылардың қоныс аудару квотасына енгізілген Қазақстан Республикасының азаматтарына әлеуметтік көмек туралы баптардың редакциялары өзгерді. Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарын, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды тіркеуге қатысты нормалар жетілдірілді.

— Сіз жұмыс тобының жетекшісі болдыңыз. Әріптестеріңізден нақты түзетулер көп түсті ме?

— Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті өткен жылғы 25 ақпанда осы заң жобаларының таныстырылу рәсімін өткізген-ді. Талқылау қызу өтті, көптеген сұрақтар қойылды, орнықты ойлар, сындарлы пікірлер айтылды. Соның өзі-ақ депутаттар тарапынан заңдардың жобаларына байланысты өзгерістер мен толықтырулардың көп болатынын аңғартты. Шынында да солай болды. Нақты айтар болсақ, заңдар жобаларына 500-дей ұсыныс түсті.

Еңбек көші-қонына қатысты тың ойлар айтылды. Мәселен, депутаттардың пікірінше, заңсыз көші-қонға жол ашушы жұмыс берушілер мен делдалдарға қолданылатын әкімшілік және қылмыстық шаралар мейлінше қатаң болуға тиіс.

Қолданыстағы заңнамалық актілерді «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленді.

Әріптестеріміз осы Заң жобасы арқылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасында тіркеусіз не жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрғаны үшін, сондай-ақ азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу мерзімін бұзғаны үшін жауаптылық белгілеу бөлігінде өзгерістер енгізді.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiне (Салық кодексі), «Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы», «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы», «Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы», «Халықты жұмыспен қамту туралы» және «Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар ұсынылып отыр.

Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тұрғын үй иесінің немесе қарамағында ғимараттары және (немесе) үй-жайлары бар басқа да адамдардың онда нақты тұрмайтын адамдарды тiркеуге жол бергені, жеке басын куәландыратын құжаттарды алған кезде не Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алу үшін немесе Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтініш берген кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына көрінеу жалған мәліметтер бергені үшін санкциялар туралы баптарының жаңа редакциясы берілді. «Қазақстан Республикасының азматтығы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына ата-анасы шет мемлекеттің азаматы болып табылатын баланың азаматтығы туралы және Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудан және азаматтығын қалпына келтіруден бас тарту үшін негіздер туралы норма, сондай-ақ ішкі істер органдарының азаматтық мәселелер бойынша құзыреті енгізілді.

Соңғы жиырма жылда елімізде тұрғылықты мекен-жайын тастап, қоныс аударғандардың саны күрт өсті. Жаппай белең алған ішкі миграция көптеген мәселелердің туындауына тікелей әсер етіп отыр. Ішкі көші-қонның стихиялық сипат алуы еңбек рыногы ахуалына теріс әсер етіп отырғанын мойындауға тиіспіз. Депутаттардың ойы ендігі жерде бұл мәселе назардан тыс қалмауға тиіс, ішкі көшi-қон мемлекеттің тікелей араласуымен, еліміздің стратегиялық мақсаттарына сай шешіліп отыруы қажет дегенге саяды.

— Белсенділік танытқан әріптестеріңіз кімдер? Және де ұсыныстары қабылданды ма?

— «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы 2011 жылғы 20 сәуірде бірінші оқылымда мақұлданған болатын. Содан бері негізгі заң жобасы бойынша әріптестерім Серік Темірболатов, Тоқтарбай Қадамбаев, Динар Нөкетаева Рауан Шаекин, Айткүл Самақова, Светлана Бычкова, Наталья Геллерт, Гүлмира Исімбаева, Ольга Киколенко, Бақыт Сыздықова, Айгүл Соловьева, Тито Сыздықов, Леонид Питаленко, Иван Чиркалин, Татьяна Яковлева жазбаша түрде ұсыныстар енгізді. Бұл ұсыныстар салыстырма кестеге енгізіліп, жұмыс тобының отырыстарында жан-жақты талқыланды. Нәтижесінде 7 ұсыныс қабылданды, 18 ұсынысты депутаттардың өздері қайтып алды, 6 ұсыныс қабылданған жоқ.

Ал ілеспе заң жобасына депутаттар Тоқтарбай Қадамбаев, Мұхтар Тінікеев, Рауан Шаекин, Гүлнәр Сейтмағанбетова жазбаша түрде ұсыныстар берді. Өзім де түзету енгіздім. Бұл ұсыныстар қабылданды.

Заң жобасы Үкіметтің тұрмыстық экологиялық жағдайы аса қолайсыз әкімшілік-аумақтық бірліктерден қоныс аударатын ішкі көшіп-қонушылардың квоталарын оларға әлеуметтік қызметтер пакетін көрсете отырып, белгіленуін көздейді.

Бүгінгі таңда біздің елімізде көші-қон мәселесімен онға жуық мемлекеттік органдар айналысады. Бұл заң жобасында Үкіметтің, Сыртқы істер министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Әділет министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзыреттері, өзара байланыстары айқындалып, нақтыланды. Депутаттар тарапынан осы мазмұндас ұсыныстар да түсті.

Сол сияқты депутаттар оралмандардың білім, медициналық көмек алу жөніндегі құқықтарын кеңейте түсу қажет деп санайды, оралман мәртебесін берудің жаңа редакциясын ұсынды.

Көші-қонға қатысты заңдардың жобаларына қоғамдық ұйымдар да қызығушылық танытты. Депутаттар олардың барлығымен де ынтымақтаса жұмыс істеді. Соның нәтижесінде сапалы заң шықты деуге болады.

Сөз жоқ, кез келген заң маңызды. Десек те, бұл заңның орны бөлек. Өйткені ол еліміз үшін, еліміздің болашағы мен қауіпсіздігі үшін өте маңызды заң. Сүйініштісі сол, жұмыс тобының мүшелері, депутаттар осы жауапкершілікті терең сезініп, еліміздегі көші-қон ахуалын барынша жақсартудың алғышарттарын жасай білді.

Мәжіліс депутаттары мақұлдаған аталған заң жобаларын енді Сенат қабылдап, Мемлекет басшысы қол қойса, қоғамға қажетті және көші-қон мәселесін реттейтін заң өмірге келді деп айтуымызға толық құқымыз бар.

— Рақмет әңгімеңізге. Заң шығармашылық еңбегіңізде абыройлы бола беріңіз.

Соңғы жаңалықтар