Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Zakon.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Солтанбай Жарықбасов Алға ауылында дүниеге келген. Ол 1943 жылы, 18 жасқа толғанда әскер қатарына шақырылған. Осылайша, болашақ пулемет бөлімшесінің командирі Забайкальеде орналасқан 25-ші қызыл тулы механикаландырылған бригада құрамына қабылданды.
«Майданға бәрі аттанды, оның ішінде әкем мен екі ағам да болды. Мен Қызыл Армия қатарына шақырылып, Ташкенттегі мергендер училищесіне жіберілдім. Кейін бізді эшелонмен Забайкалье майданына аттандырды. Туған жерге тек 1950 жылы ғана оралдым», – деп еске алады ҰОС ардагері.

Сурет: Алматы гарнизоны баспасөз қызметі
Соғыстан кейін ол педагог мамандығын алып, туған ауылында ұстаз болып еңбек етті, кейін мектеп директоры қызметін атқарды.
Жұбайымен 60 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, сегіз бала тәрбиелеп өсірген. Қазір олардың 78 немере мен шөбересі, сондай-ақ төрт шөпшегі бар. Майдангер Еңбекшіқазақ ауданы мен Байтерек ауылдық округінің құрметті азаматы.
Солтанбай Жарықбасов қонақтарды жылы қарсы алып, көрсетілген құрмет пен құттықтаулар үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде Еңбекшіқазақ аудандық қорғаныс істері бөлімінің бастығы, майор Болат Смайылов оған елдің Қорғаныс министрінің құттықтау хатын және сый-сияпат табыстады.

Сурет: Алматы гарнизоны баспасөз қызметі
Ардагерге Ұлы Жеңіс жолындағы ерлігі, батырлығы, қайсарлығы және бейбіт өмірге қосқан үлесі үшін зор алғыс айтылып, мықты денсаулық тіледі.
Солтанбай Жарықбасов «Жапонияны жеңгені үшін», «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен, I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Сонымен қатар ол «Құрмет» орденінің иегері.