Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын электр сүзгісін салтанатты түрде іске қосты.
Бұл тазарту қондырғысын сатып алуға және орнатуға барлығы 2 млрд. теңге шамасында қаражат жұмсалды. Жалпы жұмыстарға үш ұйымның және де жабдықтың монтаждалуына шеф-бақылау жасаушы Lodge Cottrell Limited өндіруші компаниясының инженерлік-техникалық және жұмысшы қызметкерлер құрамынан 100-ден астам адам жұмылдырылды.
Орнатылған электр сүзгісі энергоблоктағы күл аулау деңгейін 99,6 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Осындай электр сүзгілері №5 және №6 энергоблоктарда сәйкесінше 2010 және 2011 жылдары орнатылған болатын. Тағы бір электр сүзгісі қалпына келтірілген №8 энергоблокпен бірге іске қосылды. Екібастұз ГРЭС-1 стансасында электр сүзгілерін орнату жөніндегі бағдарлама келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Сөйтіп, электр сүзгілері жұмыс істеп тұрған барлық энергоблоктарда орнатылмақ. Жалпы алғанда, бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 12,5 миллиард теңге бөлінген. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде ауаға таралатын зиянды заттардың мөлшері едәуір кемиді.
Стансада жұмыс істеп тұрған бес энергоблокты жаңғыртуды, жұмыс істемей тұрған үш энергоблокты қайта қалпына келтіруді, сондай-ақ электр сүзгілерін жүйелі түрде орната отырып, қоршаған ортаға келетін әсерді барынша төмендетуді қарастыратын бірнеше кезеңнен тұратын көпжылдық инвестициялық бағдарлама сәтті орындалып келеді. Жобалық қуатын жаңғыртып, қалпына келтіру кестесі 2016 жылға дейін бекітілген. Осы жылдың шілде айында қуаттылығы 500 МВт болатын №8 энергоблогын қалпына келтіру жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталған. Бұл энергоблоктағы жөндеу жұмыстары бекітілген мерзімінен 6 ай бұрын тәмамдады, жобаның құны 23-тен астам млрд теңгені құрады. Энергоблокты қалпына келтіру жұмыстары қазандық және турбина жабдықтарын қалпына келтіруді, электр жабдықтары мен автоматты бақылағыш заманауи құрылғыларды орнатуды, сондай-ақ әлемдегі газдан тазартқыш жабдықтарды жетекші жеткізуші — «Альстом Пауэр Ставан» ЖАҚ жасап шығарған электр сүзгілерін пайдалануға беруді қамтиды. Қалпына келтіру жұмыстары 2009 жылы басталған болатын. Жобаны жүзеге асыру ісіне 10 мердігер ұйымның өкілдері қатыстырылып, жыл сайын уақытша 500 жұмыс орнын ашуға мүмкіншілік берді.
Алтыншы энергоблоктың іске қосылуы станса қуаттылығын 3000 МВт-қа дейін көбейтуге мүмкіндік берді. Сөйтіп, 2012 жылдың 9 айында 10 980 ГВт электр энергиясын өндіріп шығарылды, ол 2011 жылдың сондай кезеңімен салыстырғанда, 13,1 пайызға артық болып отыр. Сонымен қатар, энергоблоктың іске қосылуына қарай стансада қосымша 25 жұмыс орны ашылды.
«Екібастұз ГРЭС-1 стансасы ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшерін жылдан-жылға азайтып келеді. Бұл біздің Павлодар облысының экологиялық ахуалын жақсартуға қосқан үлесіміз. Сонымен қатар, инвестициялық бағдарламаның кезеңдерін жеделдету өндірістің энергияға деген артып келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ете отырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жағдай жасайды және аймақтағы әлеуметтік микроклиматты жақсартуға мүмкіндік береді», — деді өз сөзінде «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС ОЭК Бас директоры Николай Коробовский.