Мәжілісте 1150 кВ-тық «Екібастұз-Барнауыл» әуелік желісін (ӘЖ) қайта құрылғылау және оны іске қосу, «Екібастұз» бен «Барнауыл» қосалқы станцияларының диспетчерлік қызметтері арасындағы байланыс арналарын ұйымдастыру, реле қорғанышы мен апатқа қарсы автоматика құрылғыларының техникалық ахуалы және т.б. мәселелер талқыланды. Сонымен бірге, Ресей мен Қазақстан арасындағы мемлекетаралық ЭЖЖ-нің (электржеткізу желілері) баланстық тиесілігін мемлекеттік шекараға сәйкес келтіру тақырыбы көтерілді.
РФ мен ҚР арасындағы мемлекетаралық ЭЖЖ баланстық тиесілігінің мемлекеттік шекараға дәл келмеуі жөндеу-жегімдеу жұмыстарын жүргізген кезде (шекаралық және кедендік бақылау, кедендік баж салықтарын төлеу және т.с.с.) елеулі проблемаларға әкеп соқтырады. Бұларды шешу үшін бірлескен жұмыс комиссиясы құрылады. Ал баланстық тиесіліктің өзгеруіне шейін Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мемлекеттік шекара бойынша мемлекетаралық ЭЖЖ-де жегімдік жауапкершілікті жіктеу жөніндегі шарттарды жасасу ұсынылды.
Мәжілісте жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының аяқталуы мен мемлекетаралық «Екібастұз-Барнауыл» Ж-1104 желісін пайдалануға беру мерзімдері айқындалды.
Сондай-ақ, 1150 кВ-тық «Екібастұз — Барнауыл» ӘЖ-н қосу ескеріле отырып, Қазақстан БЭЖ мен Орал және Сібір БЭЖ-нің қосарлас жұмыс түзімдері жөніндегі нұсқаулықты және «Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясындағы энергетикалық жүйелердің қосарлас жұмысы туралы» Шартты қайта қарау мен өзара мақұлдастыру шешілді.
«Екібастұз-Барнауыл» электржеткізу желісін жұмыс кернеуіне қосу электроэнергияның Сібірден Оралға қарай ағылуын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ресейдің энергиясы артық өңірінен қуаты тапшы жеріне тасымалдауды «KEGOC» Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы жүзеге асырады. 1150 кВ-тық «Екібастұз — Барнауыл» ӘЖ-нің іске қосылуы тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен Қазақстан және Ресей БЭЖ-нің қосарлас жұмысының орнықтылығын қамтамасыз етеді.