Екібастұздағы отын-энергетика саласына мамандар дайындайтын өңірлік орталықтың құрылысы аяқталмаған ғимаратын белгісіз біреулер бөлшектеп жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Терезелері орнында тұрған еді. Қашан ұрлап кеткенін білмеймін. Түнде әкеткен шығар», — дейді нысанның күзетшісі Евгений Рыбаков. Ол пайдалануға берілмеген орталық ғимаратын бірнеше жылдан бері қарауылдап келеді.
Оның сөзіне қарағанда, бұрын күзетшілер үшеу болған, сол кезде төңіректі бақылауға болатын еді. Бірақ нысанның бюджетін қысқартты, енді қазір олар жұмысқа бір-бірден шығып жүр. Сондықтан орталықты түгел қарауылдау мүмкін емес.
«Түнде жүруге қорқасың. Қолшаммен жүрудің пайдасы жоқ. Ұрылар жарықты көрсе қашып кетеді. Корпустардың ішіне кірмейміз. Ғимараттың ішінде кім тұрғанын, қолында не барын білмейміз ғой. Өлтіріп, бір жерге көміп кетеді», — дейді Е. Рыбаков.
Нысанды салуды Қазақстан Білім және ғылым министрлігі бастаған. Құрылыс жұмыстары он жылдай бұрын тоқтатылған. БҒМ одан бас тартқан. Барлығы 16 корпус салынған. О баста оқу орталығын 2008 жылы ашу жоспарланған болатын. Алайда оны пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді.
Нысан құрылысына төрт жарым миллиард теңгеден астам қаржы құйылған. Бірақ жер батпақты болғандықтан, ғимараттардың төменгі қабатын су басып, іргетасының бір бөлігіне зақым келген. Қатты жел шатырын ұшырып әкеткен, қабырғалары жарылған. Орталықтың кіреберістері күл-қоқыспен толған.
Екібастұздың әкімшілігі оқу корпустары мен жатақханаға арналған ғимараттарды өз қажетіне пайдалануды жоспарлап отыр. Ғимараттардың дәл қайсысы жарамды екендігі толық белгілі емес. Әкімдіктегілер оқу орталығын жөндеу және қалпына келтіру үшін тағы төрт миллиард теңге қажет екенін айтады. Бірақ жұмысты бастаудан бұрын жоба-сметалық құжаттарды түзету қажет, ал одан бұрын сараптама жүргізу керек.