21 жастағы Семейлік жігіт Екібастұзда пәтер жалдап тұрған. Екібастұзда тұратын 12 жасар немере інісімен бірге ол Воскресенский көшесінің маңында қараусыз қалған кірпіш үйді бұзып, кірпішті сатып жүрген.
Қайғылы оқиға 15-қарашада 16 сағат 10 минутта болған. Ғимараттың бір қабырғасы құлап, жігітті басып қалды. Ал оның 12 жасар туысы зардап шеккен жоқ. Полицияға хабар берген сол көрінеді.
Оқыс оқиға орнына төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма, қалалық ІІБ өкілдері мен жедел жәрдем тобы келіп жеткен. Жігітті үйінді астынан шығарып алу үшін 1,5 сағат сарп етіліп, жұмыс барысында домкрат пайдаланылды. Алайда, жігіттің өмірін сақтап қалу мүмкін болмай, ол оқиға орнында мерт болды.
Екібастұз қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасынан хабарлағанындай, қараусыз қалған ғимараттарды бұзу проблемасы қала әкімшілігінің алдынан үнемі кесе-көлденең шығады. «Мұндай оқиға соңғы бірнеше жыл аясында шыққан жоқ»,- дейді мамандар.