Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала басшысы Аян Бейсекин мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Қазіргі кезде жеке меншік секторда жылусыз қалған үйлердің саны үнемі өзгеріп отырады. Себебі күн сайын жаңа өтініштер түседі.
"Мәселен, кеше 90 мекенжай болған. 59 үй бойынша жұмыс жасалды, 21 мекенжай қалған. Бүгін тізімге тағы бірнеше үй қосылды. Кеше кешкі уақытта шамамен 38 жеке үй жылусыз болған. Қазір 29 қалды, барлығына жылу беру керек", — дейді Бейсекин.
Оның айтуынша, жөндеу жұмыстарына барлығы 400-дей адам тартылып отыр. Олар күн батқанша тоқтамай, жұмыс істеп жатыр. Оған қоса, халық тарапынан батареялардың жылынбауына қатысты сұрақтар көп түседі. Әсіресе, шалғай жердегі үйлерде ондай проблема жиі болады.
"Қазір жылуды реттейтін мамандардың бес тобы үйлерді аралап жүр. Павлодар қаласынан да шақырылды. Олар бізге жылу жүйесін ретке келтіруге көмектесіп жатыр. Бұл жұмыс бірнеше күн, бәлкім, бір апта жүргізіледі", – деп атап өтті Екібастұз әкімі.
Бейсекин магистралдық желілерде көрсеткіштер дұрыс дейді. Алайда аудандар ішінде және үйлердің арасында қысым жағынан проблема бар. Сол себепті жүйені ретке келтіру керек.