Жарияланды: 510

ЕКПА төрағасы Қазақстан «Демократия жөніндегі әріптес» мәртебесіне лайық деп есептейді

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының (ЕКПА) төрағасы Мевлют Чавушоглумен телефон арқылы сөйлесті.

Әңгіме барысында екі жақ Қазақстан және Ассамблея арасындағы ынтымақтастың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады, деп хабарлады ҚР Мемлекеттік хатшысының хатшылығы. М. Чавушоглу Қ. Саудабаевты Қазақстанда 2011 жылдың 3 сәуірде өткен президенттік сайлауды бақылау жөніндегі ЕКПА арнайы комитетінің қорытынды баяндамасынан хабардар етті. Айтылмыш құжат ағымдағы жылғы 27 мамырда Ассамблеяның Киевте болған көшпелі мәжілісінде жарияланды. ЕКПА бақылаушылар делегациясының ресми қорытындыларын негізге ала отырып, М. Чавушоглу өткен сайлау барысын жоғары бағалап, нәтижесі сайлаушылар еркін толығымен білдіргенін атап өтті. ЕКПА Төрағасы Президент Н. Назарбаевты тамаша жетістігімен құттықтап, Қазақстан өкіметіне ЕКПА бақылаушы миссиясына көрсеткен жан-жақты қолдауы үшін алғысын білдірді. М. Чавушоглу және Ассамблеяның Киевтегі көшпелі мәжілісінде сөз сөйлеген ЕКПА-ның бірқатар депутаттары Қазақстан 20 жыл тәуелсіздік ішінде әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуда елеулі жетістіктерге қол жеткізіп, бүгінде демократия жөніндегі әріптес мәртебесіне лайықты деген пікір білдірді. ЕКПА мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық деңгейіне ризашылық білдіріп, М. Чавушоглу ЕКПА қарым-қатынасты әрі қарай нығайтып кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді. ҚР Мемлекеттік хатшысы ЕКПА төрағасына өткен президенттік сайлауға және Қазақстан мен Елбасы Н. Назарбаев тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстарға берген жоғары бағасы үшін алғысын айтып, Астана ЕКПА-мен ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға дайын екенін қуаттады. Қ. Саудабаев ЕКПА төрағасын маусымда Астанада өтетін Ислам конференциясы ұйымы (ИКҰ) Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне (СІМК) қатысуға шақырды. М.Чавушоглу шақыруды ықыласпен қабылдап, алдағы ИКҰ СІМК-ке қатысатындығын қуаттады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть