Жарияланды: 630

Ел ішіндегі көлік бағасы шарықтайды дегендердің айтқаны айдай келді

Шетелдік көлікті тақымдау қара халыққа ақыры арманға айналды. Бүгін сырттан келетін көліктер үшін кедендік ақы 7-8 есеге бір-ақ өсті. Жыл басынан бері жеке тұлғалар 35 кеден бекетінде 110 мыңнан астам көлікті жеңілдетілген тарифпен рәсімдеген. Бірақ сол санатқа кірмеген ағайынның назы басым. Олар шетелдік порттар көліктерімізді әдейі кешіктірді, әйтпегенде үлгерер едік деп қынжылады. Осы шудың әсерінен ел ішіндегі көлік бағасы шарықтайды дегендердің де айтқаны айдай келді.

Кеден одағына кімнің қожа екені беймәлім. Көзі қарақты қандастарға үштіктің ішіндегілер жиендік жасап жатқаны көрініп-ақ тұр. «Шетел көлігін мінем»дегендер 1шілдеге дейін шырылдап, шетел асып,шейхтар мен грузиндердің елін кезіп әлекке түсті. Пысықтары темір тұлпарларын тақымдап үлгерді, ал қалғандарының есі екеу, түсі төртеу болып жүр.  Ұйқысы қашқан қандастың көбісімен Ақтауда дидарласасыз. Араб Әмірлігі мен Грузиядан лек-легімен тиелген көліктерді паромдар осында әкеп түсіреді. 2011 жылдың  алты айында мұнда 23800 автокөлік рәсімделіпті. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 43 есеге көп. Есесі еселенгенмен,есі кетіп есесі кеткен жан көп мұнда. 

- Біздің  билетіміз 27-іне  сатылған, жазылып тұр- 27 июнь. Ал біздікі 29-ы күні күндіз тиелген. Ол түнгі он бір жарымға дейін жүріп кету керек болған. Ол түнге дейін де жүрмеген, 30-ы  күні таңғы алты жарымда жүрген, себепсіз!

Ұшы-қиыры жоқ теңізге телміріп, дегбірі қашқан жұрт жамырай кетті,осылай. Бір  апта бұрын 17 кеме портқа кіру үшін ұзын-сонар кезекте омалып тұрған еді. Сол кезде кедендік рәсімдеу орталықтары тәулік бойы қолдары қалт етпей қызмет еткен. Оның өзі мәселені түбегейлі шешпепті. Басты кілтипан - көліктерді тиеп,елімізге аттандыру тиіс шетелдік порттардың сылбырлығында.

Қайрат Ішікбаев, көлік алушы:

- Барып тұрған әділетсіздік! Керемет олигарх немесе меценат болса,жарайды,бір жөн. Бұл жұрттың бала-шағасының аузынан жырып алған ақшасы ғой.

Ақтау портына осы айда 6973 көлік жеткізілген. Қазіргі таңда Иранда Қазақстанға келуі тиіс 100 машина қалған. Ал Ақтаудың айлағына әлі маңдымаған паромға 28 автокөлік тиеліпті, қашан келері белгісіз.

Айгүл Исакова, көлік алушы:

-  Әдейі жасаған сияқты, бәрін.  Тіпті мына консул келіп, өз машиналарын тиеп кетіпті, екі рет.

Шіліңгір шілдеде көлік біткенді жеңілдетілген кедендік рәсімдеу шорт кесілетіні әмбеге аян еді. Осы сәуегейлер шетелден көлік келмейтін болса, ел ішінде тозып тынған темір тұлпарлардың «бағасы шарықтайды» деген. Расында жадау елді бұл да жүдетті.

Жаңа  кедендік тарифтер әзірге сатушы мен алушыны әлекке салмапты. Темір тұлпар үшін талап етілетін баға бұрынғыдай. Көлігін өткізем деп өңмеңдегендерді алушының аздығы ғана қынжылтады. Бір сөзбен айтқанда,базардағы бағадан үркіп,жаяу қалатын болдым деп сары уайымға салынудың реті жоқ.

Алайда барлық сауда мұраты - өту, сатушы мұраты - табысқа жету.

- Ақпан айында оны 18 мыңнан сатқанбыз, ал қазір 24-25мың доллардан.

Алматы қаласы мен облысына 27 мың көлік әкелінген. Елге жетпей қалған көліктердің көбісі де осы жаққа тиесілі. Енді қандастарымыз  қайтпек?

Ринат Ақбергенов, “Алматы кедендік рәсімдеу орталағының” бас маманы:

- Үлгермегендер өз көліктерін басқа елде рәсімдеп сата алады. Немесе ел қазынасына қалдыра алады. Болмаса, кедендік қоймаға қалдырып,төлемін төлеп тұрады. Қалтасы көтергенде - рәсімдейді,сосын.

Әліптің артын бағамыз,дағды бойынша. Бірақ,қараша ел Үкіметке жәутеңдейді, қолтықтан демеп,қиындықтан алып шығар деп.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін