«El Umiti» премиясы – «El Umiti» Корпоративтік қоры жобаларының бірі, ол жастарға жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіп, өзін-өзі дамытуға және түрлі салада жоғары нәтижеге жетуге ықпал етеді.
«El Umiti» премиясы аясында Қазақстанның ең талантты жастары екі кезең бойынша іріктелді. Бірінші кезеңде қатысушылар 7 бағыт бойынша түрлі оқу курстары мен байқауларға қатысты. Елордада өткен қорытынды кезеңде үміткерлер өздерінің әлеуметтік жобасын қорғады.
«Біздің «El Umiti» премиясы жобасы жастардың өзін-өзі дамытуына бағытталған. Олар күнделікті өмірде пайдасы тиетін жаңа білім мен дағдыларды меңгеруге құлықты. Сонымен қатар, жеткіншектер жаңа достар тауып, өздерімен мүдделес жастармен танысады, осылайша өзара қолдау мен шабыттандыратын салауатты бәсекелестік қалыптастырады. Бұл толыққанды тұлға қалыптастыруда өте маңызды деп ойлаймын. Жобамыздың тағы бір ерекшелігі географиялық кедергілердің болмауы. Сіз Қазақстанның кез келген жерінен қатыса аласыз, нәтиже мен жетістік қашықтан бағаланады, бағалау жүйесі ашық әрі әділ. Біз екінші лекке қатысқысы келетіндердің көптігін байқап отырмыз, бұл жастардың бізге деген үлкен сенімін білдіреді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе, сондықтан жобаны дамытып, оны одан әрі қызықты және пайдалы ету үшін міндетті түрде жұмыс істейміз», – деді корпоративтік қор директоры Асланбек Әмрин.
Бірінші орынды «BILi’mINNOVATION» әлеуметтік жобасының авторлары Жұмабай Ерасыл, Дүйсенбек Алдияр, Сүлейменов Нұралы бірінші орын иеленді. Жоба екі деңгейден тұратын ұзақ мерзімді тәлімгерлікті ұсынады, мұнда оқушыларға пәндік олимпиада мен ғылыми жобаларға дайындалуға көмектеседі.
Сондай-ақ, жазда премияның ең белсенді қатысушыларына Зерендіде өткен «El Umiti – 2024» жазғы білім беру лагеріне жолдама берілді.
Айта кетейік, «El Umiti» премиясы жобасының екінші кезеңіне тіркелу 15 қыркүйекте басталады.