Мектепті қызыл белгімен бітірген студент оқумен қатар, қоғамдық жұмыстарда да өте белсенді. «Қыр баласы» қоғамдық қорының мүшесі өзін дамытудан бір сәтке жалыққан емес. Екібастұз, Қарағанды т.б. еліміздің түрлі өңірінде төтенше жағдай кезінде барып, еріктілікпен айналысып, қол ұшын созған. Әлі күнге дейін еріктілікпен айналысып, әр жұма сайын ардагерлерге қолғабыс қылады.
«Арманым журналистика мамандығына түсу. Сондықтан болашақта керек болар деп қазір үш айдан бері төте жазуды үйреніп жатырмын. Нәтижесі жаман емес. Алдағы уақытта Ә.Бөкейхан атындағы ұлттық зерттеу орталығының мүшесі атансам деймін. Бұқар жырау атындағы Павлодар облыстық әдебиет және өнер музейіне барып, архивпен жұмыс істегенді жақсы көремін. Аракідік «Тұран» садақ ату орталығына барып, қазақтың ұлттық ойындарын ойнағанды ұнатамын», — дейді «El Umiti» премиясы жобасының қатысушысы Диана Зекенова.
Жастардың тұлғалық дамуын көздейтін «El Umiti» премиясы 2023 жылы 15 қыркүйекте бастау алған болатын. Бұл жастардың кәсіп табуына, түрлі салада өзін жүйелі түрде дамытуға, өзгеге қамқор болуға, мақсаты мен жоғары нәтижеге қол жеткізуге бағытталған. Жобаға жыл сайын 15 қыркүйек пен 1 қараша аралығында premia.elumiti.kz сайты арқылы тіркеліп, қатысуға болады.
«Жобаға 14-18 жас аралығындағы көшбасшылық қасиеттері айқын, белсенді өмірлік ұстанымы бар, өзін-өзі жетілдіруге және топпен жұмыс істеуге ұмтылысы бар жастар қатыса алады. Бұл жоба «El Umiti» премиясы ақпараттандырылған жүйесінде өтеді. Еліміздің түкпір-түкпірінде тұратын ауыл мен қала жастарына қатысуға үлкен мүмкіндік береді», — дейді «El Umiti» премиясы жобасының үйлестірушісі Әсем Үсенова.