Елбасы Алматы облысындағы мал шаруашылықтарын аралады - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+19 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елбасы Алматы облысындағы мал шаруашылықтарын аралады

Елбасы Алматы облысындағы мал шаруашылықтарын аралады

Мал басы өсті деп өтірік ақпар беріп, қорадағы қойын жасырғанды тоқтату керек! Алматы облысына арнайы ат басын бұрып, малды елмен жүздескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы текті бірнеше мәселені қадап айтты. Сонымен қатар ет экспортын 2020-шы жылға дейін төрт есеге арттыру керектігін де жеткізді. Асы жайлауына келген елмен жиынын ресми бастаған президент, кейін жұртшылықпен емен-жарқын сөйлесті.

  • 29 Шiлде 2011
  • 479
Фото - Caravan.kz

Жазды күн шілде болғанда, көк орай шалғын толғанда қазақекемнің мал-жанын жайлауға шығаратын дағдысы бар-ды. Киіз үйін өңгеріп, жануарға шүйгін жер іздейтін жұрттың жартысы жабығып жүр бүгінде. Мыңдап мал жайып, қора толы қой қарап, қымыз бен шұбатқа лықа тойып отырғандары аз. Аумағы 20 мың шаршы метр болатын Асы жайлауы да кезінде құтты мекендердің бірі еді. Бүгінде ескі жұртта 31-ақ үй қалған.

Елақын Асықбайұлы, шопан:

-Қазір азып кеткені рас. Жердегі шөп онша емес, жем-шөп таба алмайды. Содан кейін малға беретін жем-шөп жоқ. Әрі айдап, бері айдап ерте кетіп қалды.

Дегенмен соңғы уақытта ілгерілеу бар. 10-15 жыл бұрын бұл атырапта бірен-саран қойшы мен мылтық асынған аңшыдан басқа тіршілік иесі қылаң бермейтін еді дейді көнекөз қариялар.Қазір Асыда 300 мың қой өреді екен. Биылғы жайлауға баршаны бір көруге елбасының өзі келді. Көптің мерейін өсіргенде осы. Тәуелсіздік жылдарының басында 1,5 млн-ға төмендеп кеткен қой басы қазір 4,5 млн. Ірі қара 300 мыңнан 1 млн-ға жетіпті. Алматы облысының өзінде 813 мал шаруашылығы өркен жайып отыр. Елбасы сол қорасы қомды адамдарды бір сілкіп алды. Бұл қалжыңмен қағытқандық емес, малшылардың құлағына алтын сырға болды. Әйтпесе салықтың ауыры осында.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Қойды жасыру малды жасыру деген болмайды. Жасырған малдың сырғасы да жоқ, ол  мал емделмейді, оны ешкім алмайды, базарға жібермейміз. Емделген аман-сау малды ғана жібереміз. Несін жасырасыңдар? Жасыратын болсаңдар әр қойдың басына 5 теңге салық жасаймын.

Кеңестік кезеңнің сарқыншағы іспетті тағы бір әдет мал шаруашылығын аяқтан шалып отыр дейді Елбасы. Өйткені нақты істі емес, томпақтау қып асыра айтқанды құп көреді көпшілік.


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Бұрынғы кезде шопандарды еңбек ері жасаймыз деп 100 қойдан 250-ге дейін қозы алып масқара болдық қой. Қалай болады ол. 100 сиырдан 150 бұзау алдық. Жаңа 107 қозы алдым деді ғой оның бәрі өтірік екені белгілі.

Бұдан соң Ел мен Елбасы еркін дидарласты. Облыстағы асыл тұқымды малды аралап көрді. Тиімділігі, қанша шығынның кетіні де есептелді. Өйткені Қазақстан өзгеге қол жайғанша өзі өндіріп ет экспортын ұлғайтуға ниетті.

Заманында мыңғырған мал өретін Асы жайлауын ен жайлаған елдің еңсесі тіктеліп келеді. Шопан ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара, Қамбар ата тұқымдары кең алқапты қайта толтыруда. Малды елге ат басын тіреген Елбасы өткенді екшеп өтіп, облысқа нақты тапсырма берді. Енжарлықты қойып, мал басын 2014 жылы 2 есеге, 2020 жылы 4 есеге көбейтуді міндеттеді.

Соңғы жаңалықтар