Неке сарайының жаңа ғимаратында бүгін 7 жұп некесін қиып, оларға Елбасы салтанатты жағдайда теледидарларды тарту етті.
Неке сарайы Agip KCO компаниясының қаржысы есебінен әлеуметтік бағдарлама аясында салынды. Нысанның құны келісім-шарты бойынша 2 млн. долларды құрайды. Дөңгелек пішінді күмбезді ғимарат екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатында холл, неке және гүл дүкені, жұбай мен қалыңдықққа арналған бөлмелер, шаштараз, сурет студиясы т.б. бар.
Екінші қабатта салтанат залы мен фуршет залы бар. Жұмыс бөлмелері, күту залы мен холл орналасқан.
Бұл сарайда жергілікті тұрғындар алтын күміс және басқа да неке тойларын тойлайтын болады.
Бүгін сондай-ақ президент 2003-жылы пайдалануға берілген перинаталдық орталықта болды.
Перинаталдық орталықтың бірінші корпусы 1993-жылы ашылған. Перзентхананың екінші кезегін салу жұмыстары осыдан 11 жыл бұрын қолға алынғанымен, ақша тапшылығына байланысты тоқтатылған болатын. Жергілікті бюджеттен перзентхананы салуға 314 млн. 452 мың теңге бөлінді.
Перинаталдық орталық екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде жас нәрестелердің патологиясы бөлімі, аяғы ауыр әйелдердің патологиясы бөлімі, консервативті және оперативті гинекология бөлімдері орналасқан. Ал екінші бөлігінде қабылдау бөлімшесі, перзентхана, «Ана мен сәби» палаталары, жас нәрестелерге арналған реанимация бөлімшесі, физиологиялық бөлімше мен операциялар жасауға арналған бөлімшелер бар. Орталық 220 әйел мен балаға қызмет көрсетуге есептелген. Қазақстан көлемінде осы тектес 6 орталық бар.