Осы күні ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев теннисшілерімізге қолдау көрсету үшін «Дәулет» кешеніне арнайы келді. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті бүгін шыққан санында «Сенім ақталды, жоспар орындалды» атты мақаласында жазды.
Бұл жарыста элиталық топта қалу үшін Өзбекстан құрамасымен кездесіп, қарсыластарынан 3:1 есебімен басым түскен отандастарымыз финалдық кезеңге жолдама алды. Сөйтіп, Қазақстан құрамасы әлемдегі үздік 16 құрама сапына енді.
Сайыстың шымылдығын Евгений Королев пен Сергей Истомин өзара ашты. АТР рейтингісіндегі тізімге көз жүгіртсек, біздің Королев — 259, ал Истомин — 34-орынға жайғасқан. Дегенмен, рейтингтегі алшақтыққа қарамастан, кездесу өте тартысты өтті. Бірінші болып іске кіріскен өзбек теннисшісі жүрген жүрісінен жаңылмады. Бұған дейін соңғы үш жылда Королевтен екі мәрте жеңілген Истомин қатты ашынса керек, тіпті, алғашқы кезеңде қарқыны өте күшті болып, қарсыласынан 6:3 есебімен басым түскен-ді.
Бірақ, Королев оңай шағылар жаңғақ емес екенін байқатып, екінші кезеңде есепті теңестірді. Осылайша, 3 сағат 14 минутқа созылған бәсекеде 3:2 есебі тіркелді. Бұл жолы жеңіс біздің пайдамызда емес. Истомин бірінші, үшінші және бесінші кезеңде жеңіске жетіп, Өзбекстан құрамасына алғашқы ұпайды алып берді. Осы кездесуде Королев 64 рет қателікке бой алдырса, Истомин 55 мәрте керек емес әдістер жасады.
Жанкүйерлер көңілін күпті еткен бірінші кездесуден кейін, Қазақстан намысын қорғаған Михаил Кукушкинге Фаррух Дустов қарсы ойнады. Бірден айтайық, біздің теннисші 3:1 есебімен жеңіске жетіп, бірінші күннің қорытындысы бойынша есепті теңестірді. Алайда, таблодағы көрсеткішке қарап, жеңіс Кукушкинге оңай келді деп айтуға ауыз бармайды. Себебі, Дустов алғашқы екі сетте жеңілгеніне қарамастан, үшінші кезеңде айласын асырып кетті. Тіпті, төртінші айналымда да кездесуді тай-брейкке дейін жеткізді. Дегенмен, АТР рейтингісінде 70-орынға жайғасқан Кукушкин тізімде 308-орында жүрген Дустовтан 6:2, 6:4, 3:6, 7:6 есебімен басым түсіп, 2 сағат 52 минутқа созылған бәсекеге нүкте қойды. Осылайша, жарыстың алғашқы күні жалпы есептегі таразы басы теңесті.
Жарыстың екінші күні жұптасып өнер көрсетуде Андрей Голубев пен Юрий Щукин Денис Истомин мен Фаррух Дустовқа қарсы кортқа шықты. Өз спортшыларын қолдауға, тіпті, велоспорттан Лондон Олимпиадасының чемпионы Александр Винокуров пен теннистен «Үлкен шлем» турнирінің жұптасып өнер көрсетуден екі дүркін жеңімпазы Ярослава Шведова да келді. Жанкүйерлердің үлкен қолдауына ие болған жерлестеріміз бірден керемет ойын көрсете алған жоқ. Өйткені, бұл күні өзбекстандықтар ә дегеннен-ақ алғашқы екі кезеңді өз пайдасына шеше алды. Осылай жалғаса берер деп ойлаған болу керек, өзбек спортшылары сәл сылбырлық танытқан еді, тез есін жиып үлгерген Голубев/Щукин тандемі қатарынан бес геймде жеңіске жетіп, жиналған жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Ұзақ әрі ауыр болған бірінші айналымды біздің жігіттер 7:6 есебімен өз пайдаларына шешті.
Қазақстандықтардың өз жеріндегі сенімділігі қарсыластарын есеңгіретіп тастаса керек, өзбек спортшылары екінші кезеңде тіптен өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Өзбекстанның мақтанышы Денис Истомин кездесу барысында қаншалықты тырысып баққанымен, көп жоспары орындалмады. Соның салдарынан 3:6 есебімен жеңілуге мәжбүр болды. Жарыстың екінші күні қарсыластарын 2:0 есебімен ұтып жатқан қазақстандықтар үшінші айналымда да аянып қалмады. Нәтижесінде, 2 сағат 24 минутқа созылған текетіресте ирандық төреші Али Катеби 7:6, 6:3, 6:4 есебімен жерлестеріміздің жеңіске жеткенін хабарлады.
Жарыстың үшінші күнінде бірнеше спортты жанына серік еткен ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі теннисшілерімізге қолдау білдіруге «Дәулет» спорт кешеніне арнайы атбасын бұрды. Жауапкершілігі одан сайын артқан бұл кездесуде Михаил Кукушкин өзбекстандық Денис Истоминге еш мүмкіндік бермей, 3 сағат 4 минутқа созылған сайыста 6:4, 6:2, 6:7, 6:2 есебімен ұтып, Қазақстанға жеңіс сыйлады.
Ал Евгений Королев пен Фаррух Дустов арасындағы бесінші кездесу соңғысының кортқа шығудан бас тартуымен аяқталды. Себебі, жалпы есеп — 3:1, Қазақстанның пайдасында еді. Осылайша, Қазақстан құрамасы өзінің әлемдік элитадағы тоғызыншы орнын сақтап қалды. Ал 21-сатыға жайғасқан Өзбекстан құрамасы мықтылар қатарына қосылу үшін осымен екінші рет өз мүмкіндігін уысынан шығарып алды. Естеріңізге сала кетейік, өзбек ағайындар өткен жылы Сербия құрамасына жол берген болатын.
Жарысты жеңіспен аяқтаған Қазақстан теннисшілеріне «Дәулет» спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер орындарынан тұрып қошемет көрсетті. Иә, жігіттер қандай да марапатқа лайық болды. Өйткені, қазақ теннисшілері әлемдегі өз орнын, яғни тоғызыншы сатысын сақтап қалды. Енді құрама жігіттері келесі жылы ақпан айында басталатын кезекті Дэвис Кубогында өз қарсыласын күтетін болады.