Жарияланды: 1500

Елбасы Астананың жасыл белдеуін құрайтын орман алқабын тікұшақпен қарап шықты

Елбасы Астананың жасыл белдеуін құрайтын орман алқабын тікұшақпен қарап шықты

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астананың жасыл белдеуін құрайтын орман алқабын тікұшақпен қарап шықты.

«Істелген жұмыстардың нәтижесін көру үшін бүгін Астананың төңірегінде салынып жатқан орман алқабын аралап көрдім. Өздеріңіз білесіздер, 1997 жылдан бастап Астана төңірегінде 55 мың гектар жерде ағаш егілді. Оның көпшлігі шықты»,-деді Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Қазіргі таңда жасыл аймақтың жалпы ауданы 16 584 гектарды құрайды, оның ішінде 11 502,2 гектар аумақты орманды алқап алып жатыр. Онда 9,6 миллион түп ағаш пен 1,9 миллион бұта өсірілген. Жасыл желектер арасында сүйелді қайың, ұсақ жапырақты және жалпақ жапырақты шегіршін, қарағай, көде, бозжиде, терек, сары қарақат, ақ көріктал, шие ағашы, татар ырғайы жиі кездеседі. Астананың жасыл белдеуін қалыптастыру мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2009 жылдан бастап қолға алынды. Елорданың жасыл белдеуіне, ондағы жасыл желектерге күтім жасау, орманды алқапты өрттен қорғау, зиянкестермен күрес жүргізу жұмыстарымен «Астана орманы» ММК айналысады. Ағымдағы жылы кәсіпорын бұған дейін егілген жасыл желектерді қайта құру, оңтүстік батыс бөлікте және Талдыкөл тоғанында 4500 гектар ауданға созылатын орман алқаптарын құру жобаларын жүзеге асыруға және жасыл желектерді түгендеуге кісірсті. 2013-2022 жылдары аралығында 6042 гектар орманға төрт жобалау-іздестіру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның 4317 гектарына жабық тамырлы жүйесі бар 6 243 405 дана екпе көшет отырғызылады, 1725 гектар жерге шөп егіледі. ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана төңірегіндегі жасыл белдеу құрайтын орман массивін аралау барысында табиғи ортаға 50 қырғауыл мен 5 елік жіберілді. Қала әкімінің баспасөз қызметінің ақпараттық баянында айтылғандай, елорданың жасыл алқабын қалыптастыру 2009-шы жылы президент тапсырмасымен басталған. 2010-шы жылдан бастап «Астана Орманы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны екпе-көшеттерді таңдау, жәндіктер мен энтомофагтарды тарту үшін көп жылдық гүлді шөптерді себу, сондай-ақ фаунаны дамыту мақсатында құстар мен аңдарды көбейту үшін ғылыми-тәжірибелік шаралар атқаруда. Осы мақсатта құстарды ұстауға арнайы вольерлер салынып, 105 бас қырғауыл сатып алынған.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін