– 1992 жылы, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бір жыл өткен соң мен Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінен осы Кеңес туралы идеямды айттым. Алғашқы саммит 2002 жылы Алматыда өтті. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске басқа елдердің қызығушылығы қазір де жоғары. Биыл министрлер деңгейіндегі кездесу өтеді, ал келер жылы Кеңестің 30 жылдығына орай VI саммитті өткізу жоспарланып отыр. Осы оқиғаларға сапалы даярлықты қамтамасыз ету маңызды, – деді Елбасы.
Қ.Сарыбай Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес төрағалығындағы басымдықтары мен бастамаларын жүзеге асыру бойынша Хатшылықтың атқарып жатқан жұмысы туралы баяндады. Негізгі басымдықтардың бірі ретінде Кеңесті Азиядағы толыққанды өңірлік қауіпсіздік ұйымына айналдыру процесі айтылды.
Атқарушы директор Қ.Сарыбайдың айтуынша, қазіргі таңда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті айтарлықтай құрылымдық өзгеріссіз және барлық іргелі принциптері мен мақсаттарын сақтай отырып ұйымға айналдыруға мүмкіндік бар.
Ұсынылған ақпараттарға сәйкес, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің қайта құрылуы осы құрлық аумағының 90 пайызға жуығын қамтитын 27 мүше мемлекет арасындағы ынтымақтастықты дамытып қана қоймай, Азияның жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін күшейтеді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің одан әрі дамуына қолдауын білдірді.