«Әр халықтың тарихында ғасырдан-ғасырға есімі өшпейтін ұлы тұлғалар бар. Қазақ тарихындағы осындай тұлғалардың бірі — Абылай хан бабамыз. Ол қазақ халқы ұлт ретінде сақталып қала ма, жоқ па деген сауал көлденең тартылған жоңғар шапқыншылығы тұсында 1732-жылғы шайқастарда екі мәрте жеңіске жетіп, сауалға нүкте қойды»,- деді ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Н.Назарбаев. Осы орайда тарихи деректі еске салған Елбасы: «Абылай хан Ресей және Қытай империяларына, Жоңғар және Қоқан хандықтарына бірдей көзқарас ұстанған мемлекет құрды»,- деп атап көрсетті. «Халық тағдырындағы ең бір ауыр кезең — 18 ғасырда ол мемлекет пен ұлт бірлігін сақтай алды. Сұрапыл жылдарда Абылай хан айлалы дипломат әрі ұлы қолбасшы ретінде таныла білді»,- деді мемлекет басшысы.
Абылай ханға арналған ескерткіш оның атымен аталған алаңда орнатылды. «Бурабайға әлемнің әр түкпірінен келетін адамдар Абылай хан бабамыз сол үшін арпалысқан мемлекетіміздің тәуелсіздігінің нышан белгісі — аспанда қалықтаған алтын қыран екеніне көз жеткізіп көріп білсін»,- деді Н.Назарбаев.
«Айналадағылармен тату-тәтті, достық пен береке-бірлікте өмір сүру ата-бабаларымыздың өсиеті. Сол себепті мен де Еуразиялық одақ, Біртұтас экономикалық кеңістік, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Орталық Азия ынтымақтатсық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымдары аясындағы интеграциялық идеяларға бағынамын»,- деді президент.
Ескерткішті жобалау жөніндегі байқауға 17 суретші қатысқан. Солардың арасынан Александр Курицын, Игорь Малахов пен Ерлан Айтуаровтың жобасы іріктелді. Биіктігі 30 метрлік ескерткішті тұрғызуға 49 млн. теңге жұмсалды.