Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесуінің соңында екі қағытпа айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
«Сіз салыққа қатысты бірегей реформа жүргіздіңіз. Бұл әрекетіңізді қолдаймын. Себебі, мен мұны осыдан 5 жыл бұрын өзім де жасаған болатынмын. (Күлді.) Қазақстанда корпоративтік салық – 20%, ал табыс салығы барлығы үшін – 10%. Мұнымен қатар, сізді президент болуыңыздың алғашқы жылымен құттықтаймын. Президент мырза, тоғызыншы немереңіздің дүниеге келуі де құтты болсын! Өткен жылы менің оныншы немерем дүние есігін ашқан болатын», — деп күлді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасының сөзін барша жиналғандар қоштап, бір күліп алды. Дональд Трамптың өзі де Елбасына алғыс білдіріп, қол алысты.
Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан Президентінің биылғы 16-18 қаңтарда Америка Құрама Штаттарына ресми сапармен баратыны туралы хабарлаған болатынбыз. Онда Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Дональд Трамппен, сондай-ақ АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесу өткізеді деп жоспарланды. Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа барған сәтінен видео жариялады. Елбасын Дональд Трамптың өзі қарсы алып, мұны үлкен мәртебеге балады.
Ақ үйде өткен кездесуде Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында әрдайым екіжақты саяси қарым-қатынас орнағанын айтып өтті. Бұдан кейін Мемлекет басшысы АҚШ-тың іскер топтар өкілдері, АҚШ-тың энергетика министрі және «Шетелдік жеке инвестициялар жөніндегі Корпорация» мемлекеттік агенттігінің президентімен кездесті. Сапар соңында Назарбаев Трамппен жүргізген келіссөздің қорытындысы бойынша БАҚ үшін брифинг өткізді.