Соңғы кездері Норвегия тарапынан Қазақстанға қызығушылықтың айрықша артқаны байқалып отыр. Оған жоғары деңгейдегі екі жақты байланыстардың жандануы, сондай-ақ биылғы мамыр айында Ослода өткен президенттің "Қазақстан жолы" кітабының ағылшын тіліндегі нұсқасының таныстырылымы ықпал етті.
Сұхбат барысында Н.Назарбаев норвегиялық журналистерге Қазақстан мемлекеттілігін қалаудың бірегей тәжірибесі жөнінде, Астананың еліміз тәуелсіздігін нығайтудағы рөлі жайында әңгімеледі. Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары, еуразиялық сәйкестілік және басқа да көптеген мәселелер қозғалды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ресейлік БАҚ өкілдеріне, атап айтқанда "Интерфакс" ақпарат агенттігіне, "Вести-24" телеарнасына және "Российская газетаға" сұхбат берді.
Ресейлік журналистерді сауда, отын-энергетикасы, атом және ғарыш салаларындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытудың перспективасы қызықтырды. Еліміздің ТМД мемлекеттерінің ішінде бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төрағалық ететінін назарға ала отырып, ресейлік журналистер Қазақстанның осы лауазымдағы өз өкілеттігін атқарудағы жоспарларына үлкен ықылас танытты.