«Университет түлектерін, жас дәрігерлер мен мұғалімдерді ауылға барып, өз халқына жәрдемдесуге шақырамын»,- деді президент агроөнеркәсіптік кешен мәселесіне арналған республикалық кеңесте сөйлеген сөзінде.
Осыған байланысты мемлекет басшысы үкімет пен облыс әкімдеріне «ауылға қайтқан жас дәрігерлермен мұғалімдерді әлеуметтік қолдау, соның ішінде оларды жеңілдетілген баспанамен және балабақшаларда орынмен қамтамасыз ету шараларын мұқият зерттеп ұсыныстар енгізуді».
Н.Назарбаев сонымен бірге ғалымдар, мәдениет пен өнер қайраткерлерін «Ауылға көмек» атты ауқымды халықтық қозғалыс ұйымдастыруға шақырды. «Ғалымдар, сазгерлер, жазушылар мен суретшілер жарты жылға ауылға барып жұмыс істеп қайтсын. Бұл шараға саяси партияларды, бейресми ұйымдар мен БАҚ-тарды тарту керек»,- деді Н.Назарбаев.
«Ауылшаруашылығы министрлігі, мәдениет және ақпарат, білім және ғылым министрліктеріне осы жұмысты бұқаралық сипатқа көшіре ұйымдастыруды тапсырамын»,- деді ол.
Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, Қазақстан халқына арнаған жолдауында мемлекет басшысы үш жылдың ішінде республика аймақтарында 100 мектеп пен 100 аурухана салуды тапсырған болатын.
Осыған байланысты президент агроөнеркәсіптік кешен мәселесіне арналған республикалық кеңесте үкімет пен жергілікті атқарушы билік органдарына білім беру және денсаулық сақтау нысандарына қысқа мерзімде санақ жүргізіп, жаңа мектептер мен ауруханалар салынатын орындарды анықтауды тапсырды. Сонымен бірге әкімдерге мектептер мен ауруханалар салуға арналған жер телімдерін бөлуді және оларды тиісті инженерлік желілермен және коммуникациялармен қамтамасыз ету тапсырылды.
Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті